Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, мұнай-газ, агроөнеркәсіп салаларындағы және инвестиция тарту жөніндегі ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Облыс әкімі өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтіп, қытайлық инвесторлардың қатысуымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, бүгінде өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырылып, шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен біз өңірдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартып, қызығушылық танытқан компанияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырмыз. Қытайлық инвесторлармен бірлесіп, сұйық метанол, цемент зауыттары, газ турбиналы және жел электр стансаларын салу және өзге де маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз. Жұмыс орындарын ашам, өндірісті дамытам деген инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ бар, — деді Нариман Төреғалиев.

Өз кезегінде Ван Синьвэй Қазақстан мен Ляонин провинциясы арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ өндірістік байланыстармен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты.

Ляонин провинциясының губернаторы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің өңіраралық байланыстардың дамуына серпін беріп отырғанын атап өтті.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин екі ел бір-біріне сенім артатын стратегиялық серіктестер екенін үнемі атап өтеді. Кейінгі жылдары Ляонин өлкесі мен Қазақстан арасындағы байланыс беки түсті. Былтыр екіжақты сауда айналымы 2,7 миллиард юаньға жетті. Сіздердің Халықаралық бауырлас қалалар форумына келулеріңіз ортақ мақсат жолындағы шынайы ықыласты білдіреді, — деді Ван Синьвэй.

Сапар аясында Батыс Қазақстан облысының делегациясы Халықаралық бауырлас қалалар форумына қатысуда. Делегация құрамында мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтардың, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жол саласының өкілдері бар.

Форумның маңызына тоқталған Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев бұл алаң өңіраралық серіктестікті нығайтуға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға жол ашатынын айтты.

Біз Ляонин бауырлас және ынтымақтас өңірімен серіктестікті тереңдету мақсатында осы ірі форумға қатысып отырмыз. Делегация құрамында 24 адам бар, олардың ішінде ірі кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жол саласының өкілдері бар. Сондай-ақ, аудан әкімі, басқарма басшылары және әкімнің орынбасарлары қатысып отыр. Біздің басты міндетіміз – инвестиция тарту, екі өңір арасындағы экономикалық көпірді нығайту. Форум аясында біз бауырластық байланыстарды күшейтіп, меморандумдарға қол қоюға ниеттіміз. Сонымен бірге, Синьчжоу қаласымен және Орал қаласының орталық аймағымен жалпы ынтымақтастық бағытында сауда, мәдениет, спорт, білім және денсаулық сақтау салаларында маңызды жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Нұржан Өтепбаев.

Кездесу қорытындысында тараптар өндірістік кооперацияны дамытуға, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге өзара қызығушылық білдірді.