Астанада 1-9 маусым аралығында тұңғыш рет халықаралық «Astana 2026 World Boccia Cup» турнирі өтеді. Бұл жарыс Паралимпиадаға іріктеудің негізгі кезеңі болып саналады.

Фото: Gov.kz

Жарыс ресми рейтингтік жүйеге енгізілген және Лос-Анджелестегі Паралимпиада ойындарына іріктеудің маңызды кезеңі болып есептеледі. Турнирді Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырады. Ол 2026 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне ресми түрде қосылған және «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені базасында өтеді.

Әлем кубогына 24 елдің өкілдері қатысады, соның ішінде Қазақстан, Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция және Португалия бар. Әлемнің 92 мықты параспортшысы, сондай-ақ 143 маман мен делегация мүшелері қатысуы жоспарланған.

Қазақстан атынан ел намысын 10 спортшы қорғайды. Астана қаласының өкілдері қатарында Итиана Шыңғысханова, Темірлан Алтынсары және Ерхат Алмат бар.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл жарыс Қазақстанның паралимпиадалық спорт саласындағы халықаралық имиджін нығайтып, елдің әлемдік турнирлерге ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық дайындығының жоғары деңгейін көрсетеді.

«Astana 2026 World Boccia Cup» турнирі ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Sport Qory» қорының, Eurasian Resources Group (ERG), KAZ Minerals, Kinopark және басқа серіктестердің қолдауымен өтеді.

Фото: Gov.kz

Жарыс бағдарламасы:

  • 1 маусым — командалардың келуі, жаттығу күні және классификация;
  • 2 маусым сағат 18:00 — турнирдің салтанатты ашылуы;
  • 3-6 маусым — жекелей жарыстар;
  • 6 маусым — жекелеген жеңімпаздарды марапаттау;
  • 6-8 маусым — жұптық және командалық жарыстар;
  • 8 маусым — жұптық және командалық разрядтар бойынша жеңімпаздарды марапаттау;
  • 9 маусым — делегациялардың аттануы.