«Тоғыз тағдыр»: елордада жасөспірімдерге арналған профилактикалық сериалдың премьерасы өтті
Фото: Gov.kz
Астанада Байқоңыр ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Тоғыз тағдыр: өмірді айқындайтын таңдау» атты профилактикалық іс-шара өтті. Бұл іс-шара барысында балалар мен жасөспірімдер түсірген «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік сериалының премьерасы көрсетілді.

Фото: Gov.kz
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді талқылау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ қауіпсіздік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Кездесуге прокуратура органдарының өкілдері, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, депутаттар, психологтар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Сериалда буллинг, сталкинг, жасөспірімдер агрессиясы, кәмелетке толмағандарды есірткі таратуға тарту, интернет-алаяқтық, дропперлік, психологиялық қысым, балалардың үйден кетуі, ойланбай жасалған әрекеттер мен құқық бұзушылықтардың салдары сияқты тақырыптар қамтылды. Әр бөлімнен кейін шақырылған сарапшылар қатысуымен ашық пікірталастар өткізілді.
Жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайы, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, интернеттегі қауіптер және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың жастармен күрделі тақырыптар бойынша ашық диалог орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқушыларға жауапты таңдауды, отбасы қолдауының рөлін және дер кезінде көмекке жүгінудің маңызын түсінуге көмектесетіні де атап өтілді.
Аталған бастама құқықтық мәдениетті нығайтуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыс аясында жүзеге асырылды.