ASTANA POLYTECHNIC — WorldSkills Astana 2026 чемпионатының абсолютті көшбасшысы
Астанада XI “WorldSkills Astana 2026” қалалық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы шығарылды. Чемпионат нәтижесі бойынша Астана политехникалық колледжі жоғары колледжі үздік көрсеткішке қол жеткізіп, кәсіби білім беру саласындағы көшбасшы оқу орындарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Чемпионат аясында колледж студенттері 17 құзыреттілік бойынша бақ сынап, барлық бағытта жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде білім алушылар 13 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль және 2 медальон иеленді. Бұл көрсеткіш ASTANA POLYTECHNIC командасының дайындық деңгейінің жоғары екенін және оқу орнындағы білім беру жүйесінің тиімділігін айқындайды.

Байқау барысында қатысушылар кәсіби шеберліктерін, практикалық дағдыларын, жауапкершілігі мен бәсекеге қабілеттіліктерін көрсетті. Әрбір студент колледж намысын лайықты деңгейде қорғап, жоғары нәтиже көрсетуге үлес қосты.
Мамандардың айтуынша, мұндай нәтижеге жүйелі дайындық, оқытушылар мен сарапшылардың кәсіби қолдауы, сондай-ақ өндірістік тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламалары негіз болды. Чемпионаттағы жетістік колледждің техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әлеуетін тағы да айқындап отыр.
Бүгінде Астана политехникалық колледжі елордадағы жетекші техникалық оқу орындарының бірі саналады. Оқу орны ақпараттық технологиялар, телекоммуникация, құрылыс, энергетика, инженерия және цифрлық технологиялар бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Колледж базасында заманауи зертханалар, оқу-өндірістік шеберханалар және халықаралық стандарттарға сай ресурстық орталықтар жұмыс істейді.

Колледж басшысы Болат Құлмұханұлы Рыскалиев жетекшілігімен оқу орны кәсіби білім беру сапасын арттыру, халықаралық стандарттарды енгізу және WorldSkills қозғалысын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы жылдары колледж студенттері мен оқытушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі кәсіби чемпионаттарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүр.