Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Ұлы Отан соғысы кезіндегі саяси үрдістерге жаңаша баға беруді көздейтін заңға қол қойды. Заңда «кеңес халқына қарсы ұйымдастырылған зұлматтан жапа шеккендерге қатысты» тармақ бар.

Заңда «құрбандарды» жерлеу және қайта жерлеу, сүйегін іздеуді жүзеге асыру, ескерткіш орнату, кеңес халқына қарсы жүрген  қылмыстар туралы БАҚ-та жазу, геноцид құрбандарының саны туралы материалдар жариялау, өнер туындыларын, мұражайлар мен жекелеген көрмелерді ұйымдастыру, білім беру ұйымдарында арнайы іс-шаралар өткізу қажет екені көрсетілген.

Сонымен қатар, қарар геноцид құрбандары мүрделерін жерлеу,  тіпті, қажет болса, қалпына келтіру тәртібін реттейді. Құжатта геноцид салдарынан қаза тапқан азаматтарының сүйегін, жатқан жерін іздеу мақсатында келісім жүргізу және әрекеттену тәртібі көрсетілген.

Құжаттағы геноцид ұғымының анықтамасы бұрыны тәпсірлерге қарағанда «бөлек». Заңға сәйкес, геноцид — КСРО аумағын мекендеген ұлт, этника және қандай да бір нәсілді толық немесе ішінара жоюға бағытталған (өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, бала тууына күштеп кедергі жасау, күштеп қоныс аудару немесе басқа да төзімсіз өмір жағдайларын жасау арқылы) нацистер мен олардың 1941-1945 жылдардағы одақтастарының әрекеті.