Қазақстанда жұмыссыздық бойынша берілетін әлеуметтік төлемдерді төлеу тәртібіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Жаңа бастамаға сәйкес, жәрдемақы алу мерзімі қазіргі алты айдан төрт айға дейін қысқаруы мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елде жұмыссыздық бойынша төлем алып отырғандар саны 185 мыңнан асады. Олардың ішінде 115 мыңнан астам адам алты ай мерзімге, ал 14 мыңнан астам азамат бес айға жәрдемақы тағайындатқан.

Ведомство бұл өзгерістің негізгі мақсаты азаматтарды тұрақты жұмысқа орналасуға ынталандыру екенін атап өтті. “Әлеуметтік төлемдер – жұмыс іздеу кезеңінде берілетін уақытша қолдау. Сондықтан бұл жүйе адамның еңбекке қайта оралуына ықпал етуі тиіс”, – делінген министрлік түсіндірмесінде.

Сондай-ақ мансап орталықтары жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсыну және жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы қолдау көрсетуді жалғастырады.

Министрлік енгізілетін жаңа ереже тек өзгеріс күшіне енгеннен кейін жәрдемақы алуға өтініш білдіретін азаматтарға қатысты болатынын нақтылады. Бұрын тағайындалған төлемдер белгіленген мерзім бойынша толық төлене береді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік төлем мерзімін қысқарту және жүйедегі кейбір олқылықтарды жою мәселесі көтерілген болатын. Ведомство өкілдері мұндай қадамдар көлеңкелі схемаларды азайту және әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру мақсатында жасалып отырғанын айтқан.