2026 жылғы 26 ақпанда Алматы қаласындағы «Ғылым ордасында» Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастыруымен «Қазақстан ғылымы мен технологияларының форсайты: деректерден – шешімдерге» атты стратегиялық сессия өтті. Іс-шара ғылым мен технологиялар саласындағы ұлттық форсайт-зерттеулер мен предиктивті талдау жүйесін дамытуға және республика мен өңірлер деңгейінде бірыңғай болжау архитектурасын қалыптастыруға арналды.

 

Сессияны ашқан Академия президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми-технологиялық дамуды басқарудың жаңа моделін таныстырды. Ұсынылған тәсіл бытыраңқы жобалар мен фрагменттелген қаржыландырудан бас тартып, ғылымды елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына кіріктірілген басқарылатын жүйеге айналдыруды көздейді. Ғылым жекелеген бастамалардың жиынтығы ретінде емес, нақты өлшенетін нәтижеге, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған тұтас архитектура ретінде қарастырылады.

Сессия барысында қазіргі қаржыландыру тәжірибесінің тиімділігіне талдау жасалды. 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының нәтижелері бойынша бағыттардың 42 пайызына бір ғана өтінім түскені атап өтілді. Бұл нақты бәсекенің және стратегиялық іріктеудің жеткіліксіздігін көрсетеді.

Жаңа модель аясында басымдықтардың төрт деңгейлі құрылымы енгізіледі. Қаржыландырудың кемінде 40 пайызы ұлттық қауіпсіздік пен экономиканың бәсекеге қабілетті салаларына әсер ететін стратегиялық жобаларға бағытталады. Сонымен қатар перспективалы ғылыми-технологиялық бағыттарға, базалық іргелі және инженерлік зерттеулерге, сондай-ақ ғылыми әлеуетті кеңейтуге арналған жеке блоктар қарастырылған. Мұндай тәсіл ресурстарды шоғырландырып, сындарлы ғылыми массаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараның негізгі оқиғасы – AI SilkNet форсайт және предиктивті аналитика орталығының ресми ашылуы болды. Орталық Korea Institute of Science and Technology Information (KISTI) институтымен әріптестік аясында құрылды. Ашылу салтанатына KISTI президенті доктор Сик Ли, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.

AI SilkNet Қазақстандағы ғылыми-технологиялық форсайт пен предиктивті аналитиканың алғашқы ұлттық платформасы болмақ. Орталық жаһандық және ұлттық ғылыми-техникалық деректерді интеграциялап, перспективалы зерттеу бағыттарын айқындауға, технологиялық тәуекелдер мен жаңа «мүмкіндіктер терезелерін» бағалауға және мемлекеттік саясатта шешім қабылдауға сараптамалық қолдау көрсетуге бағытталған.

Сессия барысында өңірлік ғылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Өңірлік форсайт-желіні қалыптастыру, әкімдіктерді, ғылыми ұйымдар мен индустрия өкілдерін басымдықтарды айқындау үдерісіне тарту – жаңа архитектураның маңызды бөлігі. Бұл өңірлік ғылыми күн тәртібін бірыңғай ұлттық жүйеге кіріктіруге мүмкіндік береді.

Стратегиялық сессия жұмысына 400-ден астам отандық және шетелдік ғалымдар, салалық министрліктер, жергілікті атқарушы органдар, бизнес және индустрия өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.

AI SilkNet орталығының іске қосылуы Қазақстан ғылымын басқаруда деректер мен аналитиканың рөлін күшейтіп, ғылыми-технологиялық саясатты жаңа сапалы деңгейге шығаруға бағытталған.