2026 жылғы 28 қаңтарда Жетісу облысындағы «Нұр жолы» кеден бекетінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында навигациялық пломбаларды енгізу тәртібі мен оларды практикалық қолдану мәселелерін түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара тасымалдауды бақылаудың жаңа цифрлық жүйесіне көшу шеңберінде ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылық құрамы, ұлттық оператордың, кеден органдарының өкілдері, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызмет саласының субъектілері, тасымалдаушылар мен бейінді мамандар қатысты. Іс-шара барысында ЕАЭО аумағында навигациялық пломбалар жүйесін кезең-кезеңімен енгізудің негізгі мәселелері қаралды.


Қатысушыларға жүйенің жұмыс тәртібі, міндетті қадағалауға жататын тауарлар мен тасымалдардың тізбесі, сондай-ақ бизнес, логистикалық және көлік компаниялары үшін күтілетін өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Тасымалдау процесіне қатысушылардың кеден органдарымен өзара іс-қимыл тетіктеріне, жүйені енгізу кезеңіндегі ықтимал тәуекелдерге және оларды азайтуға бағытталған практикалық шараларға ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында ұлттық оператор атынан Ғарышбек Сәндібекұлы Ещанов навигациялық пломбаларды қолдана отырып, тасымалдарды мониторингілеуге және сүйемелдеуге арналған «Transit» ақпараттық жүйесін таныстырды. Жүйенің негізгі функционалдық мүмкіндіктері, пайдаланушыларды қосу тәртібі, сондай-ақ штаттық және штаттан тыс жағдайларда жұмыс істеу алгоритмдері көрсетілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісілген автомобиль және темір жол тасымалдары кезінде навигациялық пломбаларды пайдалану қызметтерінің бекітілген тарифтері туралы ақпарат берілді.

«Нұр жолы» кеден бекетінде навигациялық пломбалар 2025 жылдан бастап пилоттық жоба аясында қолданылып келеді. Осы кезеңде «Transit» ақпараттық жүйесіне деректерді тіркей отырып, нақты уақыт режимінде маршруттарды бақылау жүзеге асырылды. Пилоттық жоба нәтижесінде кеден органдарының ақпараттық жүйелері мен ұлттық оператордың платформасы арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдері толықтай пысықталды. Тәжірибе көрсеткендей, барлық рәсімдер аз уақыт алады және кедендік бақылаудан өту жылдамдығына кері әсерін тигізбейді.

Іс-шара барысында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі №84 шешіміне сәйкес, 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап ЕАЭО аумағында навигациялық пломбаларды қолдана отырып, автомобиль және темір жол көлігімен тасымалданатын тауарларды қадағалау жүйесі енгізілетіні атап өтілді. Бұл жүйе транзиттік және экспорттық тасымалдарға, сондай-ақ өзара сауда шеңберіндегі жүк қозғалысына қолданылады.


Навигациялық пломбаларды енгізу тасымалдардың ашықтығын арттыруға, жүктердің тұтастығын қамтамасыз етуге, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін азайтуға және тауарлар қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе көлік-логистика саласында цифрлық бақылау құралдарын кеңінен қолдануға бағытталған.