Ардагерін ардақтап, ақ халатты дәрігерін аялаған мекен
Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпитальде өткен жыл нәтижелі қорытындыланды. Мекеме басшысы Гаухар Тазабекқызының айтуына қарағанда, 2025 жылы госпитальде мыңдаған ардагер сапалы медициналық көмек алып, оңалту шараларынан өткен.
Жыл қорытындысы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 4 681 ардагер ем қабылдаған.
Госпитальде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, оларға теңестірілген азаматтар, сондай-ақ Ауғанстан, Тәжікстан, Қарабақтағы әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, Чернобыль апатының салдарын жоюға атсалысқандар және Семей ядролық полигонының зардап шеккен азаматтары емделеді.
Бөлімдер бойынша алғанда, терапия бөлімінде – 2 263, неврология бөлімінде – 1 922, ал медициналық оңалту бөлімінде 496 науқас ем қабылдаған. Сонымен қатар күндізгі стационар қызметін 225 адам пайдаланған.

Ардагер алғысы – ең үлкен марапат
Госпиталь қызметінің сапасы ардагерлер тарапынан жоғары бағаланып отыр. «Шалқар» радиосындағы тікелей эфир барысында емделушілер мен олардың жақындарынан алғысқа толы қоңыраулар мен хаттар көптеп түскен.
– Ардагерлердің ақ батасы мен ризашылығы – біздің еңбегіміздің басты нәтижесі, – дейді госпиталь директоры.
Ардагерлердің арасында Семей полигонының ардагері Бағдат Ешбаев, зейнеткер Сайлаухан Жұладіл, «Кимешек» әжелер бірлестігінің мүшесі Қайша Орақбаева медицина қызметкерлерінің кәсібилігіне ризашылық білдірген. Ал Жамбыл облысынан келген ардагер Нұрлыбай Алмурзаев терапия бөлімінің меңгерушісіне арнап өлең жазған.

Госпитальде мерекелік және рухани іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады
Госпитальде Жеңіс күні, Ауған соғысы ардагерлерінің күні, Чернобыль апатын еске алу шаралары дәстүрлі түрде өткізіледі. Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған концерттік бағдарлама ардагерлерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ дәрігерлер қалада тұратын соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, медициналық тексеру жүргізді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу де назардан тыс қалған жоқ. Амал күні мен Наурыз мерекесі аясында ұжым мен ардагерлердің басын қосқан тағылымды кездесулер өтті.
Сонымен қатар 2025 жылы госпитальде мемлекеттік тілді дамытуға арналған арнайы алқасөз ұйымдастырылып, медицина саласында қазақ тілін қолдану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай мұрасы – Алаштың алтын темірқазығы» атты көркемсөз байқауы өтті.
Байқауда үш номинация бойынша үздіктер анықталды:
Үздік көркемсөз – Абай өлеңдерін жатқа оқу;
Үздік Абай әндерін орындаушы – Абай әндерін шырқау;
Үздік Абай ізбасары – Абайға арналған арнау.
Жүлделі орын алған ардагерлеріміз, медицина қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен жас өнерпаздар тегіс марапатталды.
Сайыскерлердің өлең оқу, ән шырқау, сахналық шеберлігі госпиталь директоры міндетін атқарушы Құралай Жұмаханқызы, бас мейірбике Маржан Жетпісбайқызы, қызметкерлермен жұмыс істеу бөлімінің аға инспекторы Нұргүл Айтқазина тарапынан сараланып, барша қатысушыларға ерекше ықылас көрсетілді.
Іс-шара соңында Абай әлемін зерттеу, оның ой-тұжырымдары мен рухани өнегесін талқылау үшін қатысушылар пікір алмасты.
Алдағы уақытта госпиталь ардагерлерге көрсетілетін медициналық және оңалту қызметтерінің сапасын арттыруды жалғастырады. Қазіргі таңда мекемеде бассейн терапиясы, балшықпен емдеу, минералды ванналар, акупунктура және кәсіби массаж сынды заманауи емдеу әдістері қолданылады.
– Госпиталь – тек емдеу орны емес, ардагерлер үшін рухани орта. Олардың алғысын алу – біз үшін ең үлкен абырой, – деп атап өтті Гаухар Тазабекқызы.
Дастан ҚАСТАЙ
Баспасөз хатшысы