Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мектептердегі дұрыс тамақтануға қатысты алғашқы жаһандық ұсынымдарын жариялады. 

Ұйымның жаңа нұсқаулығында мектептегі дұрыс тамақтану балалардың өмір бойы сақталатын пайдалы ас ішу дағдыларын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратыны атап өтілген.

ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, мектепте ұсынылатын тағам мен сол ортада қалыптасатын тамақтану мәдениеті оқушылардың білім алу сапасына тікелей әсер етіп қана қоймай, олардың денсаулығы мен жалпы әл-ауқатына ұзақ мерзімді ықпал етеді.

Қазіргі таңда әлем бойынша балалар арасындағы артық салмақ пен семіздік көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар, жеткіліксіз тамақтану мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. 2025 жылы алғаш рет әлемде балалар семіздігінің деңгейі салмағы жеткіліксіз балалар санынан асып түсті.

Өткен жылы мектеп жасындағы әрбір оныншы бала немесе жасөспірім семіздікпен өмір сүрсе, әрбір бесіншісінде, яғни 391 миллион балада, артық салмақ тіркелген. Сондай-ақ ДДСҰ-ның соңғы есебіне сәйкес, әлем бойынша 800 миллионнан астам адам, соның ішінде әрбір алтыншы жүкті әйел қант диабетімен ауырады.

2025 жылдың қазан айындағы дерекке сәйкес, ДДСҰ-ға мүше 104 мемлекетте мектептегі дұрыс тамақтануға қатысты саясат жүзеге асырылып келеді. Алайда олардың тек 48-і ғана құрамында қант, тұз немесе зиянды май мөлшері жоғары өнімдерді жарнамалауға шектеу енгізген.

Ұйым өкілдері балалардың күнінің басым бөлігі мектепте өтетінін, дәл осы орта олардың болашақтағы тамақтану әдетін қалыптастыратынын атап өтті. ДДСҰ басшысы мектептегі дұрыс тамақтану – болашақта түрлі аурулардың алдын алудың және дені сау қоғам қалыптастырудың негізгі тетігі екенін айтты.

Ұсынымдарда балалар үшін пайдалы тағамдар мен сусындардың қолжетімділігін арттырып, зиянды өнімдерді азайту қажеттігі көрсетілген. Атап айтқанда, тағам құрамындағы қант, трансмай және тұз мөлшерін төмендетіп, тұтас дәнді дақылдар, жеміс-жидек, жаңғақ пен бұршақ тұқымдастардың үлесін көбейту ұсынылады.

Жаңа ұсынымдарды іске асыру мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдерге техникалық қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың өзге де тетіктерін дамытуға ниетті.