«ЖИ 2030–2031-де тұтас адамзат интеллектісін басып озады», «Әрбір шаңырақтың өз роботы болады». Давостағы Илон Маск мәлімдемелеріне шолу
Миллиардер Илон Маск Давоста өткен экономикалық форумға қатысты. Forbes басылымының жазуынша, кәсіпкердің форумға келуі көпшілік үшін тосын жаңалық болған. Себебі бұған дейін Маск жиынды бірнеше рет сынға алып, форум қатысушыларын «Жер шарының қожайыны болғысы келеді» деп айыптаған. Сондай-ақ ол Давос форумын «қатты іс пыстырарлық іс-шара» деп атаған.
Маск өз сөзін әзіл айта отырып бастады. Әлемдегі саяси шиеленістерді талқылады. Кәсіпкер «бейбітшілік саммиті (peace) өтеді дегенді естідім» деп, «бұл бір “бөлік” (piece) пе?» деп әзілдеді. «Кішкене ғана Гренландияның бір бөлігі, Венесуэланың бір бөлігі. Бізге керегі — тек бір бөлік», — деді Маск қағыта қалжыңдап.
Сондай-ақ Илон Маск адамзаттың болашағына қатысты көзқарасын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, таяу арада робот саны адам санына қарағанда әлдеқайда көп болады. Ол келесі жылдың соңына қарай гуманоидты роботтардың жаппай сатыла бастайтынын мәлімдеді. Масктың пікірінше, мұндай роботтар болашақта әрбір шаңырақтың бір мүшесі болады, әрбір адамның тұрмыс-тіршілігіне араласады.
Илон Масктың пікіріне ексек, жасанды интеллект алдағы бес жыл ішінде бүкіл адамзаттың жиынтық ақыл-ойын игеріп, тіпті межеден асып түсуі де мүмкін.
Миллиардер ЖИ 2030–2031 жылдары адам интеллектісін басып озады, сондай-ақ болашақта роботтар адам қажетін толық қамтамасыз етеді деп айтты:
«Егер даму оң сценарий бойынша өрбитін болса, біз жасанды интеллектіге негізделген өте көп робот құрап шығамыз, олар адамзаттың барлық қажеттілігін толық өтей алады», — деді Маск.
Форумда Маск келешекте жиі үңілді, роботтардың саны адамдардан бірнеше есе артады деп мәлімдеді. Тауарлар мен қызмет түрлері шамадан тыс көбейіп, адам баласы тіпті роботтан нені сұрарын білмей қалуы мүмкін деп болжады.