Арктикада бұрын-соңды тіркелмеген құбылыс байқалды. Қытымыр қыстың қақ ортасында Баренц және Кар теңіздері «жалаңаштанып», мұдан дерлік арылған. Мұндай жағдай бақылау тарихында алғаш рет тіркеліп отыр.

Қазір Арктикадағы теңіз мұзының жалпы аумағы жыл мезгіліне тән көрсеткіштерден айтарлықтай төмендеп, рекордтық минимумға жеткен.

Гётеборг университетінің ғалымдары мұз жамылғысының күрт азаюын бірнеше факторлармен байланыстырады. Біріншіден, Арктика атмосферасы айтарлықтай жылынған, тіпті қыс мезгілінде де жылу толқындары жиілей түскен. Екіншіден, мұхит суының температурасы көтерілген. Ғаламдық жылыну барлық мұхиттарға тән құбылыс болғанымен, бұрын Арктика теңіздері суық ауа мен мұздың әсерінен айтарлықтай салқындайтын. Қазір ауа температурасының жоғарылауы мен мұздың азаюы бұл үдерісті әлсіреткен. Сонымен қатар су беті күн сәулесін көбірек сіңіреді, ал ақ мұз күн сәулесін кері шағылыстырады.

«Бұл – тұйық шеңбер. Қыста теңіз мұзының аз болуының басты себебі – жылы мұхит», – дейді климатолог Селин Эйозе.

Үшінші маңызды фактор – мұздың қалыңдығының азаюы. Мұз барған сайын жұқарып, борпылдақ бола түскен, дауыл кезінде оңай үгітіліп, тез еріп жатыр. Кейбір аймақтарда мұздың тым жұқа,  ғалымдар өлшеу жұмыстарын жүргізу үшін оның үстіне шығудан да тайқсақтайды.

Зерттеушілердің айтуына қарағанда, өткен күзде мұз жамылғысының қалыптасуы, мұз басу үдерісі әдеттегіден баяу жүріп, Арктиканың кейбір бөліктері ұзақ уақыт бойы мүлде мұзсыз қалған. Болжамдарға сәйкес, Арктикада алғашқы, толық мұзсыз маусым 2030 жылға жетпей-ақ тіркелуі мүмкін.

Мұздың шегінуі кеме қатынасы, пайдалы қазбаларды өндіру және туризм сияқты экономикалық мүмкіндіктерді кеңейткенмен, сарапшылар табиғи жағдайлардың тұрақсыз екенін ескертіп, бұл өзгерістердің ұзақ уақытқа созылар экологиялық проблемаларды тудыруы мүмкін екенін атап өтеді.