Шымкент қаласында кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу мақсатында Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан арнайы мамандар бара жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

—  Нұрайдың өліміне қатысы бары айтылған күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Күдікті сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты, толық әрі объективті түрде зерттелетін болады, — деді С. Әділов Сенатта журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің орынбасары Шымкент қалалық полиция департаментіне қарасты жедел-тергеу тобы істі тергеуді жалғастырып жатыр деп мәлімдеді:

— Аталған қылмыстық іс бойынша Шымкентке орталық аппараттың тәжірибелі басшылары мен мамандарынан құралған топ жіберілді. Олардың қатарында Криминалдық полиция департаменті мен Тергеу департаментінің өкілдері бар. Тергеу барысы ерекше бақылауда, — деп атап өтті министрдің орынбасары.

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі бойжеткеннің өліміне байланысты Бас прокуратураға тиісті тапсырма берген.

Полиция қызметкерлерінің дәрменсіздігі қоғамда қызу талқыға түсіп, сынға ұшыраған.

20 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінде кадрлық шешімдер қабылдадық деп хабарлады. Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қаза болуына байланысты қабылданған.

Айта кетейік, марқұм Н. Серікбайды өлтірді деген күдікті ретінде 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.