21 қаңтардан бастап АҚШ билігінің шешімімен 75 елдің азаматтарына иммиграциялық визаларға өтінімдерді қарау белгісіз мерзімге тоқтатылды. Бұл елдердің қатарында Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова және Өзбекстан бар.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайтында 14 қаңтарда жарияланған хабарламаға сәйкес, жаңа шектеулер Африка, Азия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс және Еуропаның бірқатар елдерін қамтиды. Шешім АҚШ-тың «жоғары тәуекел тобына» жататын елдерге қатысты иммиграциялық визаларды беру тәртібін қайта қарау аясында қабылданған.

АҚШ билігі бұл қадамды елге келетін мигранттардың әлеуметтік жәрдемақыларды пайдаланбауын және қоғамға салмақ түсірмеуін қамтамасыз ету мақсатымен түсіндіріп отыр.

Сонымен бірге, өтініш берушілер визаға құжат тапсыруды және сұхбаттарға қатысуды жалғастыра алады. Алайда рәсім соңғы кезеңге — визаның өзіне дейін жеткізілмейді. Бұл шектеу тек иммиграциялық визаларға, яғни АҚШ-та жұмыс істеу немесе отбасы біріктіру мақсатындағы визаларға қатысты. Ал студенттік, туристік және іскерлік бағыттағы иммиграциялық емес визалар бұрынғы тәртіппен беріле береді.

Трамп кезеңіндегі АҚШ-тың миграциялық саясаты

Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы жылы АҚШ-та иммиграциялық саясаттың айтарлықтай қатаңдауымен ерекшеленді. Маусым айында 12 елдің азаматтарына елге кіруге толық тыйым салынса, желтоқсан айында бұл тізім кеңейтіліп, кіруі толық немесе ішінара шектелген елдер саны 39-ға жетті. Олардың басым бөлігі Африкада, бір бөлігі Латын Америкасы мен Азияда орналасқан.

Сонымен қатар Трамп әкімшілігі 2026 жылға арналған босқындарды қабылдау квотасын АҚШ тарихындағы ең төменгі деңгейге — 7 500 адамға дейін қысқартты. Бұл бұрынғы президент Джо Байден белгілеген 125 мыңдық лимитпен салыстырғанда едәуір төмен.

АҚШ билігі білікті еңбек миграциясын да шектеуге тырысуда. Америкалық компаниялар шетелдік мамандарды жалдау үшін пайдаланатын H-1B визасына арналған алым 1 500 доллардан 100 мың долларға дейін өсірілді.

Миграциялық ағынның қысқаруына Иммиграция және кеден қызметі (ICE) қызметкерлерінің санының күрт артуы да әсер етті. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елден 605 мың адам депортацияланып, тағы 1,9 миллион адам АҚШ-тан өз еркімен кеткен.