АҚШ Президентінің арнайы өкілі Ресейге сапарлауды жоспарлап отыр
АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф 22 қаңтарда Ресейге сапарлап, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Стив Уиткофф CNBC телеарнасына берген сұхбатында Украина мен Ресей арасында қақтығысқа тоқталып, соңғы апталарда Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесінде елеулі ілгерілеу бар екенін аттқан.
Алайда саясаткердің айтуына қарағанда, жер мен аймақ мәселесі әлі де ортақ келісімге келуге бөгесін болып отыр. Сонымен қатар арнайы өкіл Ресей астанасына Джаред Кушнермен бірге баруды көздеп отырғанын жеткізді.
Бұған дейін Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге пікір айтқан. Өз сөзінде Кремль америкалық тараппен болатын байланыстар жөнінде қосымша ақпарат беретінін айтқан. Оның сөзінше, Мәскеу Украина мәселесін реттеу бойынша АҚШ, Еуропа және Киев арасындағы талқылаулардың нәтижелері туралы мәлімет күтіп отыр.
Еске салайық, осыған дейін Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Давоста Ресей Президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен келіссөздер жүргізген. Дмитрий Песков бұл кездесудің мазмұнын ашып айтудан бас тартып, реттеу мәселелеріне қатысты пікір алмасу жабық форматта өтіп жатқанын атап өтті.
Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Украина бағыты бойынша АҚШ жағынан негізгі келіссөз жүргізушілер саналады. Бұдан бұрын олар Владимир Путинмен 2 желтоқсанда кездескен.