«Қазақстанға вице-президент керек, бірақ премьер-министр керек емес». Саясаттанушы Тоқаевтың «мұрагер дайындап жатқанын» мәлімдеді
Қызылорда қаласында 20 қаңтар күні Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда елдің мәдени-саяси, экономикалық, қоғамдық мәселелеріне тоқталды. Биылғы алқалы жиында тосын ұсыныстар да айтылды. Президент елдегі қос палаталы парламенттің орнына жаңадан келетін бір палаталы парламент құрамы жайлы түскен ұсыныстарды жария етті. Сонымен қатар енді президенттің орынбасары лауазымы болады деп жеткізді. Бірақ вице-президенттің нақты міндеттері Ұлттық құрылтай алаңында толық талқыға түскен жоқ.
«Бір палаталы парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады», – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы болашақтағы Қазақстанның басты саяси институтын «Құрылтай» деп атауды ұсынды.
«Құрылтай деген атау беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын… Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», – деді президент.
Тоқаевтың сөзіне қарағанда, жаңа парламентте 145 депутат болмақ. Депутаттар бес жыл мерзімге сайланбақ.
«Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек», – деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Вице-президент лауазымы қайта қалпына келмек
Президент алдағы уақытта мемлекеттік кеңесші қызметінің жойылатынын хабарлады.
«Әңгіме Қазақстан Республикасы вице-президенті институтын құру және оны Конституцияда тиісті түрде бекіту жөнінде болып отыр. Вице-президентті президент парламенттің қарапайым көпшілік дауыспен берген келісімі негізінде тағайындайды. Оның өкілеттігі аясын мемлекет басшысының өзі айқындайды», – деді президент.
Президент сөзіне қарасақ, вице-президент мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық форумдар мен шетелдік делегациялармен жүргізілетін келіссөздерде Қазақстанның мүддесін білдіреді, парламент отырысына президент өкілі ретінде қатысып, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Соныман қатар президент жүктейтін өзге де міндеттерді атқарады.
Президенттің сөзі қоғамда қызу талқыға ұласты. Саясаттанушы Оралбек Өтеғұловтың айтуына қарағанда, вице-президент лауазымы болашақ президенттерді айқындайтын саяси лифт.

Саясаттанушы өз талдауында елдің саяси тарихына тереңдей еніп, Америка тәжірибесіне тоқталады. Желіде Қазақстанның «тұңғыш вице-президенті» Ерік Асанбаев хақында мәлімет бөлісті.
— Бұл — Ерік Асанбаев. Қазақстанның 1991-1995 жылдардағы вице-президенті. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданған соң бұл қызметті алып тастады. Себебі шал жеке-дара билік құрғысы келді, билікті ешкіммен бөліскісі келмеді. Бүгінгі ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың вице-президент лауазымын қайтару туралы идеясы қисынды дүние, әрі тарихи шындықты қалпына келтіру. Вице-президент лауазымы негізі керек қызмет. Көп елдерде бұрын вице-президент болған адамдар кейін президент болады. АҚШ-тың 15 Президенті президенттікке келмей тұрып вице-президент болған. Демек, бұл болашақ президенттерді айқындайтын саяси лифт.
Саясаткер елдегі тұрақтылық пен берекені сақтау жолында мұндай қадамның тиімді екенін айтады. Президент атанам деген үміткердің мол тәжірибе, асқан дайындығы болғаны шарт дейді.
— Жалпы Президенттік лауазымға кез-келген адамды әкелу үлкен қателік. Алдын-ала дайындалған, ел басқарудан тәжірибесі бар адам келуі керек. Меніңше, Президент Тоқаев өзінің орнына келетін болашақ президентті дайындауға кіріскен сияқты. Өз басым вице-президент лауазымын қайтарғанды дұрыс деп санаймын. Бірақ премьер-министр лауазымын жою керек еді. Біздің елге премьер-министр керек емес. Мұның бәрі бұрыннан бері ойымда жүрген нәрселер еді, — деп жазды саясаткер.
Сонымен қатар қоғам өмірінде «Құрылтай» атауы қызу талқыға түсіп жатыр. Желідегі жұрт «Құрылтайға» жетер депутаттарға арнап ат ойластыра бастаған. Саясаткер Оралбек Өтеғұловтың айтуынша, парламенттің де бір палаталы болуы дұрыс шешім. Бірақ оны Құрылтай деп атағаннан гөрі «Ұлттық Конгресс» деп атаған жөн еді.
Құрылтайға депутаттар қалай сайланады?
Қызылордадағы жиында мемлекет басшысы «Құрылтай» сайлауының талап-шартын түсіндірді:
«Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады», – деді президент.
Қазіргі парламенттің Сенатында — 50, Мәжілісте – 98, жиынтығы 148 депутат бар. Олардың бір бөлігін президент тікелей тағайындаса, кейінгі бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы тағайындалады.
Дастан ҚАСТАЙ
журналист