“Жаңа Салық кодексі күшіне енді”. Кәсіпкерлер нені ескеруге тиіс?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енді. Құжатқа сәйкес арнаулы салық режимдерінің саны қысқартылып, үш формат қана қалды.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге қолданыста болатын салық режимдерін және 2026 жылғы 1 наурызға дейін қандай жағдайда салық режимін таңдау туралы хабарлама беру қажеттігін түсіндірді.
Жаңа Салық кодексі үш арнаулы салық режимін қарастырады:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған;
оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы режим.
Бұрын арнаулы салық режимдерінің саны жеті болса, енді олар үшке дейін оңтайландырылды. Қазіргі таңда оңайлатылған декларация, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және шаруа-фермер қожалықтарына арналған режимдер ғана сақталған. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген мәлімдеді.
Кәсіпкерлер нені ескеруі керек?
Оңайлатылған декларация негізіндегі режим
Аталған режимді таңдауды жоспарлаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама тапсыруға тиіс. Белгіленген мерзімде хабарлама берілмеген жағдайда, кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшіріледі.
Хабарламаны бірнеше жолмен беруге болады:
Салық төлеушінің кабинеті арқылы;
«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы;
орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде;
банктердің мобильді қосымшалары арқылы (қазіргі таңда бұл қызмет Kaspi Bank қосымшасында қолжетімді).
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим
2026 жылғы 1 наурыздан бастап 2025 жылы патент немесе арнайы мобильді қосымша арқылы арнаулы салық режимін қолданған тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден автоматты түрде шығарылады. Есептен шығару 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар салық төлеушілердің өз еркімен өтініш беру құқығы сақталады.
Егер кәсіпкер салық салу режимін өзгерту туралы хабарлама тапсырып, басқа режимді таңдаса, автоматты есептен шығару жүргізілмейді. Бұл жағдайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимін қолдану «E-Salyq Business» қосымшасында алғашқы чек берілген күннен бастап есептеледі.
Шаруа және фермер қожалықтары үшін режим
Шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін қосымша хабарлама тапсыру талап етілмейді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай