Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Істе полиция қызметкерлерінің әрекеті де тексеріліп жатыр. Бұл тексеру құқық қорғау органдары тарапынан уақтылы шаралар қабылданбады деген пікір мен уәжге байланысты қолға алынған. 

Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жұмыстарына ең тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы тергеу-жедел тобы тартылды деп хабарланған.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауына қарағанда, қылмыстық іс аясында күдіктінің барлық әрекетіне құқықтық баға беріледі. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр. Тергеу барысында барлық деректер, оның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар мұқият зерделеніп, жан-жақты талданады.

— Ішкі істер министрлігі кез келген қатыгездік әрекеттеріне қатаң тосқауыл қояды. Кінәлі тұлғаның заң аясында тиісті жазасын алуы үшін барлық қажетті шаралар қабылданады, — делінген ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Кейін марқұмның пышаталып қайтыс болған Нұрай Серікбай есімді азамат екені анықталды.

13 қаңтарда жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ер адам ұсталды. Қазірде 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұммен бұрын таныс болған.

Сонымен қатар, марқұмның туған-туыстары қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болғанын алға тартып отыр. Олардың айтуынша, марқұм қудалау мен қорқыту фактілері бойынша бірнеше рет құқық қорғау органдарына жүгінген, алайда жолданған өтініштер тиісті деңгейде қаралмаған.