Оңтүстік Корея прокуратурасы елде заңсыз әскери жағдай енгізді деп айыпталған бұрынғы президент Юн Сок Ёльге өлім жазасын тағайындауды талап етті. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады, деп жазды ELORDAMEDIA.

Аталған іс бойынша барлығы сегіз адам айыпталған, олар қазір сот алдында жауап беріп отыр. Саясаткерлер қатарында экс-президент те бар. Арнайы прокурор Юн Сок Ёльге ең қатаң жаза қолдануды сұраған. Бұл ұсыныс Сеул орталық сотындағы қорытынды тыңдау барысында айтылды.

Ал өткен жұма күні сот отырысы уақытша тоқтатылған еді. Себебі бұрынғы қорғаныс министрі әрі іс бойынша айыпталушылардың бірі Ким Ён Хённің адвокаттары дәлел ретінде ұсынылған құжаттарды зерделеуге сегіз сағат жұмсаған.

Юн Сок Ёль — қамауда отырған күйінде айып тағылған Оңтүстік Корея президенті. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұрынғы қорғаныс министрімен және өзге де тұлғалармен сөз байласып, конституциялық құрылысты шайқалту мақсатында бүлік ұйымдастырған.

Еске сала кетелік, елде соңғы рет өлім жазасы 1997 жылдың желтоқсанында қолданылған.