Туризм бүгінде әлемдік экономиканың маңызды бағытының біріне айналды. Сарапшылардың мәліметіне қарағанда, бұл сала әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 11 пайызын құрап, жер шарындағы әрбір оныншы адамды жұмыспен қамтып отыр. Әсіресе Еуропа туризмнің дамыған орталығы саналады.

Дүниежүзілік туристік форум институтының президенті Булут Бағджының айтуына қарағанда, туризмнің тұрақты дамуы жергілікті халықпен тығыз байланыста болуға тиіс. Билік пен қоғам бірлесе әрекет етпесе, туризм экономикалық пайдадан гөрі әлеуметтік проблема тудыруы мүмкін, деді.

Сарапшылар саланың болашағын айқындайтын басты фактор жасанды интеллект пен деректерді тиімді пайдалану екенін атады. Туристердің қай елге, қандай бағытқа, қандай транспортта сапарлайтынын талдау арқылы мемлекеттер туризм саясатын дәл жоспарлай алады.

Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесі де туризмнің дамуына әсер ететін пунктілердің бірі. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында кез келген елдің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейінше, туристерді тарту туралы айту қиын.

Мамандардың пікіріне қарағанда, болашақта туризмнің дамуы технология, деректерді басқару, қауіпсіздік және жергілікті халықтың қолдауы сынды факторларға тікелей байланысты болмақ.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай