Рамзан Қадыров 20 жастағы ұлын Шешенстанның вице-премьер министр қызметіне тағайындады
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өзінің 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты уақытша Шешенстан үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындағанын хабарлады. Сондай-ақ ұлы Ахмат аймақтың дене шынықтыру және спорт министрі қызметін де қатар атқара беретіні мәлімденді.
Үкімет басшысының тағы бір орынбасары болып ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев тағайындалды.
Қадыровтың айтуына қарағанда, жаңа қызметке келген екі шенеунік те жоғары лауазымдағы міндетті атқара алатын тәжірибеге ие, кәсіби тұрғыдан білікті, жұмыста жүйелі көзқарас ұстанады және жауапкершілігі жоғары. Қадыров сондай-ақ қос жаңа басшы республика дамуына елеулі үлес қосқанын атады.
Айта кетелік, Қадыровтың балалары мен туыстары Шешенстанда жоғары лауазымды қызметке жиі тағайындалады әрі түрлі марапатқа ие болып келеді. Мәселен, Қадыровтың қызы Хадижат 24 жасында Шешенстан басшысы әкімшілігі мен үкіметі жетекшісінің бірінші орынбасары болған. Ал Ахмат Қадыров 18 жасында спорт вице-министрі, кейін жастар ісі жөніндегі министр және «Ахмат» футбол клубының президенті қызметін атқарды. Тағы бір ұлы Адам Қадыров 16 жасында әкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып, кейін Владимир Путин атындағы арнайы жасақ университетінің кураторы болып тағайындалды. Сонымен қатар ол Газа секторына гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын үйлестіреді.
Еске сала кетелік, Рамзан Қадыровтың 96 туысы билікте жоғары лауазым иеленіп, жұмыс істегенін, әлі де қызмет атқаратындары барын осыған дейін жазған едік. Олардың қатарында оның 14 баласының жетеуі бар.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай