Трамп Венесуэлаға қосымша әскер аттандыруым мүмкін деп мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес Вашингтонмен ынтымақтастық орнатудан бас тартқан жағдайда, елге қосымша америкалық әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Politico басылымы хабарлады.
Трамптың айтуынша, АҚШ Венесуэлаға қарсы емес, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес жүргізіп жатыр. Ол қазіргі уақытта қайта әскери соққы жасау жоспарда жоқ екенін айтқанымен, мұндай мүмкіндікті толық жоққа шығармады.
Сонымен қатар АҚШ әкімшілігі Делси Родригеске қатысты санкцияларды алып тастау мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады. Алайда бұл үшін Вашингтон бірнеше талап қойып отыр. Атап айтқанда, Венесуэла билігі:
-
есірткі трафигімен күресті күшейтуі,
-
АҚШ-тың қарсыластары саналатын тұлғаларды елден шығаруы,
-
қарсы елдерге мұнай жеткізуді тоқтатуы тиіс.
Трамптың мәлімдеуінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, вице-президент Джей Ди Вэнс және өзге де жоғары лауазымды тұлғалар Венесуэланы жаңа сайлау өткенге дейін басқаруға атсалысады. Алайда президенттің айтуынша, бұл сайлау алдағы 30 күн ішінде өтпейді.