Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды ELORDAMEDIA

Заң Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілген өзгерістерді қамтиды. Құжат медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққандарға жазаны қатаңдатуды көздейді.

Жаңа нормаларға сәйкес, күш қолданамын деп қорқытқаны үшін айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Ал өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық жасағандарға 5 жылдан 10 жылға дейін, ауырлататын жағдайларда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Сондай-ақ бұл санаттағы қылмыстарды тергеу ішкі істер органдарының құзыретіне берілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2019 жылдан бері елімізде медицина қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл тіркелген.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай