2025 жылдың қарашасында жедел медициналық көмек көрсетіп жүріп ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Тақта Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына ілінді.

Ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, жедел жәрдем қызметкерлері және марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы қатысты. Ескерткіште Ұлдананың қызметін атқару кезінде қаза тапқаны жазылған және оның ерлігі мен адалдығы әрдайым есте сақталатыны аталған.

Әріптестері гүл шоғын қойып, министр марқұмның туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, Ұлдана білім алған «Даналық» колледжінде Мырзуан атындағы аудитория ашылатыны хабарланды.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы көпқабатты үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Сол кезде шақыртуға барған фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, он күннен кейін 18 қарашада көз жұмды.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай