Қазақстан мұнай экспортының 80%-дан астамы тиесілі КҚК кешені зақымданды. 29 қарашада Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз инфрақұрылымына Украинаның пилотсыз жүзу құралдары шабуыл жасап, салдарынан ВПУ-2 айлақ құрылғысы істен шықты.

КҚК және ел экономикасы

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) — Қазақстан экономикасының күретамыры. Қазақстан экономикасы консорциум инфрақұрылымына қарсы бағытталған шабуыл салдарынан  $1,5 млрд дейін жоғалтуы мүмкін.

Telegram-Energy Analytics арнасының авторы Абзал Нарымбетовтың пікіріне қарағанда, КҚК-ға қатысты кезекті оқиға — анда-cанда болып тұратын «табиғи проблема» емес, қайта Қазақстанның осы бағытқа аса тәуелді болып қалғанын айғақтайтын кілтипан.

Сарапшы жылдарды санамалап,  Қазақстан мұнай экспортының ағынына қатысты дерек айтады. Мәселен, 2013 жылы КҚК арқылы Қазақстан мұнай экспортының 40%-ы, ал 2024 жылға қарай 80%-ы тасымалданған.

Олжас Байділдиновтың бағалауы бойынша, егер құбыр инфрақұлымына қатысты проблемалар ұзаққа созылып кетсе, Қазақстан экономикасына зор нұқсан келмек. Атап айтар болсақ, ел экономикасы ай сайын түсетін 4 470 млн пайдадан қағылуы мүмкін. Ал күрделене түссе, шығын 1,5 млрд-қа дейін жетпек.

Саясаттанушы Дос Көшім Каспий құбыр консорциумына (КҚК) қатысты жағдайды Қазақстанға «қолайсыз шындық» деп бағалады. Сарапшының саралауына қарағанда,  Ресей бұл оқиғаны айтақтау әрекетіне айналдырып отыр:

«Мәскеу әдейі «Украина сендердің мұнайларыңа шабуыл жасады» деп, Қазақстанды Украинаға қарсы қоюға тырысады. Бұл – кәдімгі арандату. Егер біз тағы да соған сенетін болсақ, онда тәуелсіз саясат туралы айтудың өзі артық», – дейді Дос Көшім.

Дос Көшім бұл жағдайға саяси тұрғыдан үңіліп, Қазақстанның жылдар бойғы жіберген геосаяси қателігі мен «қателігінің нәтижесі» деп мәлімдеді:

«Біз балама бағыттарды алдын ала ойлауымыз керек еді. Теңізге тікелей шыға алмайтынымызды біле тұра, тәуелсіз жол іздеудің орнына, тағы да сол баяғы «үлкен ағайынның» табалдырығында қалдық. Енді соның зардабын тартып отырмыз», – деп айтты саясаткер.

Құбыр жүйесіне қатысты дау

29 қарашада Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз инфрақұрылымына Украинаның пилотсыз жүзу құралдары шабуыл жасады. Шабуылдан ВПУ-2 айлақ құрылғысы зақымданып, жұмысы тоқтаған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украина үкіметіне наразылық білдіріп, халықаралық консорциумының «кезекті әрі мақсатты шабуылын» айыптады:

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясында халықаралық Каспий құбыр консорциумының аса маңызды инфрақұрылымына бағытталған кезекті мақсатты шабуылға байланысты наразылық білдіреді. Бұл оқиға халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға қарсы жасалған үшінші агрессиялық акті болып отыр.

…Осы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Украинаның екіжақты қатынастарына залал келтіретін әрекет ретінде бағалаймыз және украин тарапы мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдайтынын күтеміз, — деп мәлімдеді.

Украина сыртқы істер министрлігі Қазақстан үкіметіне жауап беріп, мән-жайды «басқыншыға қарсы қадам» деп түсіндірді:

Украина үкіметі Каспий Құбыр консорциумының инфрақұрылымына қатысты Қазақстан Республикасының алаңдаушылығын назарға алды. Украина тарапының ешқандай әрекеті Қазақстан Республикасына қарсы бағытталмағанын атап өтеміз. Украинаның барлық күш-жігері Ресейдің агрессиясына қарсы тұруға жұмсап жатыр.

Сонымен қатар Украина үкіметі «агрессордың» әрекетін түсініріп, Ресей соққылары мен шабуылдарына жүйелі түрде жауап беріп жатқанын жеткізді. Ресей агрессиясы Қара теңіз аймағындағы тұрақсыздықтың себебі болып отыр деп айтты.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – Каспий теңізі алабындағы мұнайды халықаралық нарыққа ұсынуға, экспорттауға арналған ірі жоба.

КҚК Ресей, АҚШ, Қазақстан және Батыс Еуропаның ірі мұнай компанияларын біріктіретін халықаралық консорциум. КҚК баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, бұл шабуыл — тасымалға қатысы бар елдер мүддесіне соққы болып саналады.

КҚК Қазақстанның үш ірі кен орны — Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ мұнайын тасымалдауды қамтамасыз етеді. 2024 жылы терминал арқылы шамамен 63 миллион тонна мұнай жөнелтілген, мұнайдың 74%-ы шетел компанияларына тиесілі. Ең ірі жөнелтушілер қатарында Теңізшевройл (Шеврон), ЭксонМобил, Қазмұнайгаз, Эни және Шелл бар.

Дастан ҚАСТАЙ