Депутат Асхат Аймағамбетов Парламентте әлеуметтік желі қолданысына шекту қою проблемасын көтерді. Аймағамбетовтың айтуына қарағанда, бүгінде TikTok пен Instagram платформаларына ата-анасының келісімінсіз және ешқандай растаусыз тіпті 5–6 жастағы балалар да еркін тіркеле алады. Осыған байланысты Қазақстанда кәмелетке толмағандардың мұндай желіге кіруіне тыйым салуды ұсынды.

«Кішкентай ұлыммен серуендеп жүріп байқағаным – ауланың балаларының көбінің қолында смартфон бар. Олардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбіне бақылай алмайды… Смартфон – бала күтуші емес. Бізге жүйелі шешімдер керек», — деп жазды Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында.

Депутаттың пікірі желіде кеңінен талданды. Кейінірек Асхат Аймағамбетов аталмыш жазбасын Telegram-арнасында жалғастырып, әлеуметтік желіге кіру жасына қатысты шектеу 10, 12 немесе 14 жас деңгейінде белгіленуі мүмкін екенін атады.

Сонымен қатар Аймағамбетов өз жазбасында қазір әлеуметтік желіде зорлық-зомбылық, кибербуллинг сынды мазмұндағы ақпарат көптігін жазды.

— Бұл психикасы енді қалыптасып келе жатқан бала үшін қауіпті. Әлеуметтік желі алгоритмі баланы экранға байлап қою үшін арнайы жасалған. Бұл – балалардың қалтасында жүрген цифрлық ойын автоматы іспетті. Яғни, 4–6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы бердік, — деп мәлімдеді депутат.

Орайы келгенде айта кетелік, Journal of Human Development and Capabilities басылымы биыл 163 елдің 100 мыңнан астам жасөспірімі қатысқан зерттеу нәтижесін жариялады.  Зерттеуде жастардың психикалық саулығының жағдайы MHQ (Mind Health Quotient) индексі арқылы бағаланған. Бұл индекс адамның эмоционалды, когнитивті және әлеуметтік функциялары деңгейін ескереді. Нәтижесінде, смартфонды 13 жасынан пайдалана бастаған баланың MHQ индексінің орташа көрсеткіші шамамен 30 балл болған. Ал телефонды 5–6 жасынан пайдаланғандар көрсеткіші нөлге дейін төмендеген.

Әлжеліні әлем қалай ауыздықтап жатыр?

Америкалық зерттеуші Джонатан Хайд The Anxious Generation атты еңбегінде соңғы он жылдықтағы психикалық денсаулық дағдарысын тікелей смартфондар дәуірімен байланыстырады. Автордың айтуына қарағанда, 2010 жылдан кейін жасөспірімдер арасында мазасыздық, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, тіпті суицид жағдайларының артуы дәл осы цифрлық тәуелділіктің нәтижесі. Оның тұжырымы қарапайым: смартфон – баланың дамуы мен әлеуметтенуіне ең үлкен қауіптің бірі.

Мұндай үрдіс тек Қазақстанда емес, тұтас әлемде байқалып отыр. Сондықтан көп ел бұл проблеманы заңнамалық, тәрбиелік және технологиялық деңгейде шешуге кіріскен. Мысалы Қытайда 2024 жылы Minor mode бағдарламасы іске қосылды. Аталмыш жоба балалардың телефонды пайдалану уақытын түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6.00-ге дейін шектейді. Сондай-ақ ата-анасы баласының қандай контент көріп, нендей бағдарламаны пайдаланатынын бақылай алады. Ел билігі бұл балаларды әлеуметтік желіден мүлде айыру емес, оны мақсатты, пайдалы арнаға бұру амалы деп түсіндірді.

Данияда да балалардың цифрлық қауіпсіздігі мемлекеттің басты назарында. Кейінгі кезде әлеуметтік желіге 15 жасқа дейін тіркелуге тыйым салу туралы ұсыныс кең талқыланып жатыр. Алайда Дания тәжірибесінің бір ерекшелігі бар. Даниялықтар  тыйым салып қана қоймайды, қоғамды ортақ мүдде жолында жауапты болуға шақырады. Елдің білім беру жүйесінде «диджитал сауат» пен «медиа мәдениет» пәндері енгізілген. Балаларға интернеттегі ақпаратты сын тұрғысынан қабылдау, жеке дерегін қорғау, жалған контентті ажырату үйретіледі. Яғни, басты назарда тыйым емес, — түсіндіру мен тәрбиелеу.

Еуропаның басқа да мемлекеттерінде электроника өндіруші компанияларға нақты талап қойыла бастады. Сондай-ақ платформаларға жас қолданушылар үшін зиянды контентті автоматты түрде сүзгіден өткізуге, жеке деректерді пайдалануға шектеу қоюға міндеттеліп отыр.

Аймағамбетов Қазақстанда әзірге мұндай кешенді саясаттың жоғын алға тартты. Әлеуметтік желіге тіркелудің жас шегі белгіленбеген, контентті сүзгіден өткізетін арнаулы тетік жоқ. Бүгінде баланың гаджетті пайдалану мәдениеті отбасы тұрғысынан дұрыс бақыланбайды деп аз айтылмайды.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай