Трамптың «айтағының арқасында». Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатады
Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатады. АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің осындай уәде бергенін айтты.
Inbusiness.kz сайты Трамптың сөзін алға тартты, Америка басшысының айтуынша, бұл қысқа мерзім ішінде жүзеге асады.
«Үндістанның Ресейден мұнай сатып алып жатқанына көңілім толмады. Бүгін Моди маған олардың Ресейден мұнай сатып алмайтынын айтты», – деді Трамп Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында.
DW агенттігі хабарлағандай, АҚШ президенті бұл уәдені үлкен қадам деп атады.
«Енді біз Қытай тарапынан да осындай шешім күтеміз», – деді ол.
Биылғы сәуір айында Үндістанға Ресей мұнайын жеткізу көлемі тәулігіне 2,15 млн баррельге дейін өскен болатын. Осылайша 2023 жылдың мамырынан бергі рекордтық көрсеткішке жеткен. Reuters агенттігі Ресейдің қатарынан үшінші жыл Үндістанға ең негізгі мұнай жеткізуші ел екенін жазды. Украинадағы соғыс басталғалы үнді мұнай өңдеушілері Ресей мұнайының бағасына қызығушылық танытқан.
Орайы келгенде айта кетейік, АҚШ Жапония тарапының да Ресей энергия тасымалдаушыларының импортынан бас тартады деп күтіп отыр.
Бұл туралы Х әлеуметтік желісінде АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеді.