Қытай сауда жолында «қар құрсанып, мұз жастанды». Алғашқы жүк кемесі Арктиканы іргелей жүзіп өтіп, Еуропаға жетті
фото: Синьхуа https://kaz.inform.kz/news/kitaydan-europaga-arktika-bagitimen-zhurgen-algashki-keme-bardi-cb2585/
Қытай жағалауында жүк тиеп, Арктика арқылы жүзіп өткен кеме 20 күннен соң Ұлыбританияға жетті. Кеме Ұлыбританияның шығысындағы Филикстоу айлағына жанасқан.
Синьхуа агенттігінің хабарлауына қарағанда, жаңа бағыт тауар жеткізу уақытын едәуір қысқартқан. Агенттіктің хабарлауынша, Қытай-Еуропа теміржол экспресс бағыты арқылы жөнелтілген жүк шамамен жиырма бес күнде, Суэц каналы арқылы шамамен қырық күнде және Қайырымды үміт мүйісін айналу арқылы шамамен елу күнде жеткізіледі.
Istanbul Bridge контейнер тасушы кеме Қытайдың шығысындағы Нинбо-Чжоушань портынан шамамен 4 мың жиырма футтық контейнерлік жүкпен шықты. Жүктерді Ұлыбритания, Германия, Польша және Нидерланд порттарында түсіру жоспарланған.
Sea Legend Line Limited компаниясының бас операциялық директоры Ли Сяобинь хабарлағандай, кеме негізінен литий-ионды аккумуляторлар мен фотоэлектрлік жабдықтарды тасымалдаған. Оның айтуынша, Арктика бағыты әсіресе ыстыққа және уақытқа сезімтал жүктерді тасымалдауға қолайлы.
Саяхат кезінде кеме Норвегия теңізінде Эми дауылына тап болып, портқа жоспарланған мерзімнен екі күн кешігіп барды деп хабарланды. Бағытқа дайындық үш жылға созылды және кеме жабдықтарын жаңарту мен экипажды оқытуды қамтыды. 2026 жылы компания мұз класындағы кемелер санын көбейтіп, тұрақты жазғы рейстерді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.