Орал қаласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №8 мектеп-лицейі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ELORDA MEDIA.

Білім ордасының ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу – бұл мемлекетіміздің басым міндеттерінің бірі. Балаларымыз қауіпсіз, заманауи мектептерде білім алуы керек», – деп атап көрсеткен болатын. Бүгін ашылып отырған жаңа мектеп осы сөздің айқын дәлелі. Жаңа мектебіміздің қабырғасы әрдайым шаттық пен үмітке, білім мен жарқын болашаққа толы болсын,- деп облыс әкімі өз жылы лебізін білдірді.

Мектеп ғимараты 2018 жылы апатты деп танылған мектептің орнына тұрғызылды. Құрылысы 2024 жылы басталып, биыл пайдалануға беріліп отыр. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру жағдайын жақсарту және сапалы білімнің баршаға бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.

400 орынға арналған жаңа оқу ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Заманауи оқу сыныптары, зертханалар, спорт және акт залдары, кітапхана мен коворкинг орталықтары толық жабдықталды.

Соңғы үш жылда облыста 7526 орынға арналған 26 жаңа мектеп бой көтерді.

Ағымдағы жылы өңірде тағы 11 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында – 4 мектеп, КПО компаниясының қолдауымен – 7 мектеп бой көтермек.