NIS оқушылары Альцгеймер ауруын ерте анықтауға арналған ЖИ платформасын ойлап тапты

Алматы қаласы, Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары заманауи медицинаның өзекті мәселелерінің бірі – Альцгеймер ауруын ерте анықтау және оның алдын алу бойынша инновациялық жоба әзірледі.
Жобаның нәтижесі – MemoryCare онлайн-платформасы. Ол жасанды интеллект көмегімен МРТ-суреттерді 90%-ға дейінгі дәлдікпен талдап, кәсіби нейропсихологпен бірге дайындалған когнитивті тестілерді ұсынады. Жүйеге енгізілген алгоритмдер жекелендірілген ұсынымдар береді. Ал ең басты артықшылығы – платформаны онлайн және тегін пайдалану мүмкіндігі. Бұл медициналық қызмет шектеулі өңірлер үшін айрықша маңызды.
Пайдаланушылар платформа арқылы дербес профилактикалық жоспар алады: есте сақтау қабілетін жаттықтыруға арналған тапсырмалар, ұйқы режимі мен дұрыс тамақтану бойынша кеңестер және өмір салтын жақсарту ұсыныстары. Бұл шешім аурудың үдеуін баяулатуға, егде жастағы адамдарды қолдауға әрі денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты азайтуға ықпал етеді.
Жобаның авторлары – Әсіретәлі Қайратов, Нариман Тойлыбек және Әнел Иманқұлова. Команда капитаны Әсіретәлі Қайратовтың айтуынша, MemoryCare-ді жасауға жеке оқиға себеп болған.
– Екі жыл бұрын топтағы бір қатысушымыздың атасы ұмытшақтықтың алғашқы белгілерін көрсетті. Алайда отбасы оны жасына тән жағдай деп ойлаған. Дәрігерге барғанда аурудың кеш сатысы анықталып, бағалы уақыт жоғалды. Сол кезде біз Альцгеймерді уақытылы анықтау қаншалықты қиын екенін ұқтық. Әсіресе қарапайым әрі қолжетімді құралдар жоқ кезде. Осы жағдай бізді MemoryCare платформасын жасауға түрткі болды, – деді Әсіретәлі.