Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Golden explorers» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан «Қыр баласы қол созады аспанға» арт-экспедициялық жобасы Исатай ауданында жалғасын тапты, деп хабарлайды ELORDA MEDIA. Экспедиция барысында тарихи-мәдени мұралар мен табиғи ландшафттарды қамтыған нысандарға аялдап, өңірдің ерекшелігі жан-жақты таныстырылды.

Исатай ауданының басты ғажап локацияларының бірі – Нарын құмы. «Атынан Нарыныңның – киелі елдің, Басымды әруағыңа ие келдім…» – деп жырлаған Махамбет бабамыздың өлең жолдары бұл өңірдің тарихтағы орны мен рухани киесін айқын бейнелейді. Кең дала төсінде бабалар ізі қалған көне қоныстар, құм арасындағы көлдер мен тартылған каналдар, жазық жерлердің сұлулығы экспедицияға қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының аралығын алып жатқан Нарын құмдары – қазақ халқының жадындағы киелі кеңістік ретінде өткеннің тарихын да, бүгінгі болмысын да айшықтай түсті.

фото: Нұрсәуле Идаят

Экспедицияға қатысушылар өңірдің тек тарихи тамырын ғана емес, қазіргі келбетін де тереңірек танып, табиғи және мәдени құндылықтарды сақтаудың маңызын сезінді. Экспедиция шығармашыл жастардың басын қосып, ортақ еңбектің құндылығын көрсеткен маңызды қадам болды. Шығармашылық түсірілім барысындағы кәсіби кеңестер мен пікір алмасулар қатысушыларға жаңа тәжірибе жинап, тың қырларын ашуға серпін берді.

Экспедиция жетекшісі Ержан Нұрпейісов – өңірлік туризмді дамытуға ерекше үлес қосып жүрген жиhанкез фотограф, документалист. Ол әр жұмысының мәніне терең бойлап, киелі кеңістіктің маңызын дәріптеуге айрықша көңіл бөліп келеді. «Golden explorers» қоғамдық қоры ұйымдастыруымен биыл Атырау облысының 7 ауданындағы ғажайып жерлерді қамтыған экспедиция өңір табиғаты мен тарихи орындарын жаңа қырынан танытты. Экспедиция аясында облыс аудандарындағы мәдени-тарихи және табиғи орындарды суретші, фотограф және шығармашылық маман иелері аралап, нәтижесінде бірегей өнер туындысын – суреттер, мүсіндер, инсталляциялар, фотожұмыстар және бейнематериалдар әзірлеп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланған.

Фото: Нұрсәуле Идаят

Қазақстанның кең байтақ аумағының шөлдері мен ормандары, жазық даласы мен таулы аймақтары, көлдері мен өзендері – бәрі де елдің табиғи келбетін даралайды. Осы байлық жас ұрпаққа жауапкершілік пен ұлттық мақтаныш сезімін ұялатады.

Ата-бабамыздан мирас болып қалған ғажайып жерлердің қадірін білу, кең даланың рухын сезіну – баршамыздың ортақ парызымыз. Осы ұстаным «Қыр баласы қол созады аспанға» арт-экспедициясына қатысқан әрбір жастың жүрегінде жаңғырып, отаншылдық сезімін асқақтата түсті.