Кәсіпкер Айдын Рахымбаев күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін жаңа компания ашты

Кәсіпкер Айдын Рахымбаевқа қарасты Alhena компаниясы күн сәулесінен электр өндіретін станция салып жатыр. 2024 жылдың қорытындына қарасақ, компания 25 млн теңге шығынға батқан. Бұл туралы компанияның AIX биржасында жарияланған қаржылық есебінде айтылады.
2023 жылы Alhena компаниясы 11,5 млн теңге шығын көрген.
Компания 2021 жылдың қыркүйегінде құрылды. Компанияның жалғыз иесі бар. Атап айтқанда — BI Group-қа тиесілі General Contractors Group.
BI Group акцияларының 66%-дан астамын Айдын Рахымбаев иеленеді.
Еске сала кетелік, Рахымбаев Forbes жариялаған ақпаратында Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің қатарына еніп, 10-шы орынға тұрақтаған. 2025 жылғы байлығы 967 миллион доллар болған.
Компанияның жарғысында көрсетілгендей, негізгі қызметіне күн, жылу және басқа да электр станцияларын салып, электр энергиясын өндіру мен тарату кіреді.
Есепте Alhena компаниясының жаңартылатын энергия көздерін пайдалананып жатқаны, электр құрылғыларын орнату жобасын жүзеге асыру үстінде екені айтылған. Жоба аясында компания 2024 жылы «ЖЭК қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығымен»20 жылдық шарт жасасқан.
Қазір компания Қызылорда облысының Арал қаласында күн электр станциясын жобалау және салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылысты аяқтау 2025 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Жобаға 2024 жылы 20 млн теңге салынған.
Сонымен қатар Alhena компаниясының General Contractors Group және Biglobal компанияларынан 346,5 млн теңге көлемінде қаржы алғаны жазылады.