Америкада жерленген қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиннің басына туған жері — Көпбейіт-Босағадан апарылған топырақ салынып, саржалқын даланың бір түп жусаны қойылды, — деп хабарлайды ELORDAMEDIA.

Қазақтың төл дәстүрі жайлы әлеуметтік желі қолданушысы Сапарбек Нағашыбеков жазып, Едіге Мағауиннің туған жерден апарған топырағы мен бір түп жусанын жазушының жатқан жеріне көмгенін хабарлады:

«Бүгін Вашингтонға жақын жерде, қазақтың ұлы жазушысы, абызы Мұхтар Мағауиннің қабірін зират етіп, қазақтың «топырақ апару» дәстүрі жасалып, атамызға құран бағышталды. Қабыл болсын.

Мұхтар атамыздың ұлы Едіге ағамыз Қазақстандағы ата бабасы жерленген жерден алып келген топырақ пен жусанды атамыздың қабіріне көмді. Бұл шараға қазақтар мен біздің Вашингтондағы Kazakh American Association қатысты.

Бірнеше ай бұрын осы атамыздың АҚШ тағы қабірінен топырақ алынып Қазақтандағы ата бабаларының қасына жеткізілген болатын.

Мұхтар Мағауин атамыз бүкіл өмірін қазаққа арнап 27 том кітаптар жазып, қазақтың тарихын түгендеп берді , болашақ ұрпақ үшін. Қазақтың тарихында осыншама кітап жазған жазушы болмаған.

Уа Алла сен рахмансың, рахимсың, ғафурсың, кешіргенді жақсы көресің Мұхтар атамыздың күнәләрін кешіріп жанын жаннатық қылғай. Зираттан кейін Едіге ағамыздың үйіне барып атамызды еске алдық, құран оқылды. Үйінде атамыздың кабинеті, кітапханасы әлі сол күйінде сақталған», — деп мәлімдеді желі қолданушысы.

Естеріңізде болса, жазушының ұлы Едіге Мағауиннің Америкадағы зираттан алынған топырақты ата-бабалары жерленген Көпбейіт қорымына апарып қойғанын жазғанбыз.

«Баршатас ауылында жазушыға арнап жылдық ас беріліп, оған зиялы қауым мен туыстары қатысты. Мағауиннің барлық қолжазбалары мен мұрасы АҚШ-тағы отбасылық үйінде сақтаулы. Алдағы уақытта сол үйді мұражайға айналдыру жоспарланып отыр», — деп мәлім етілген.

Мұхтар Мағауин — Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.

Жазушы, әдебиет зерттеушісі, әрі тарихшы Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік қызметі жиырма жасынан басталады. Алғашқы әңгімелерінен-ақ үлкен көркемдік биікке жетеді. Алайда, көп ұзамай, жиырма бес жасында әдебиет тарихшысы ретінде атаққа шығады: Мұхтар Мағауин Қазақ Ордасы – ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған, бұл кезде мүлде дерлік ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген еді. Бұдан соңғы кезеңде ғылымнан қол үзбесе де, көркем прозаға біржола бет қойыпты. Көптеген әңгіме, хикаяттар, тың тақырып, өзгеше құрылымды романдар жазады.

Бұл шығармаларда қазақ халқының өткеннен бүгінге дейінгі өмірі мен тарихындағы елеулі кезеңдер қамтылған. Шығармашылық ғұмырының соңына қарай Мұхтар Мағауин ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазып, жарияға жеткізеді, ізінше «Алтын Орда» танымдық тауарих кітабын тәмамдайды. Өмірінің соңғы жылында жазушы жас кезінде ден қойған Орхұн мұрасын көне түрік тілінен қазіргі қазақ түрік тіліне қотару ісін аяқтайды. Мұхтар Мағауиннің алпыс бес жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері толық жиырма жеті томды құрайды.