«Жалпы ішкі өнімді жыл соңына дейін 130 млрд долларға жеткіземіз» — Өзбекстан президенті

Өзбекстан билігі жыл соңына дейін елдің ішкі жалпы өнімнің көлемін 130 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды.
Kazinform агенттігінің хабарлауына қарағанда, Өзбекстан президенті Ұстаздар мен тәлімгерлер күні мерекесіне орай педагогтермен кездесіп, білім саласын және ел экономикасын дамытуға қатысты жоспарларын жариялады.
— Кейінгі 8 жылда ел экономикасы 2 есе өсті. Үстіміздегі жылдың соңына дейін ішкі жалпы өнім көлемі 130 млрд долларға жетеді. Экономикалық ілгерілеу аясында білім мен ғылымға бөлінетін қаражат 6 есе, яғни 378 трлн сумға дейін өсті. Алдағы уақытта да білім беру сапасын арттыру, мұғалімдер мен тәлімгерлердің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту үкіметтің ерекше назарында болады, — деп атап өтті Шавкат Мирзиёев.
Сонымен қатар оқушыларды мамандықтарға ерте бағдарлау мақсатында 9 және 11 сыныптар үшін бірыңғай мемлекеттік емтихан енгізіледі. Яғни, тестілеу барысында білім алушылар таңдайтын пәндер тереңдетіп оқыталады.
Қоса кетейік, 2026 жылдан бастап өзбекстандық оқушыларға жасанды интеллект негіздерін оқыту жоспарланып отыр.
Мұнымен бірге, биыл қаңтар-маусым айлары аралығында Өзбекстанның ішкі жалпы өнімі 7,2 пайызға өсті.