«15,7%-ы жоғары білімді». Жыл басынан бері 8 051 қазақ өз атамекеніне оралды

фото: zakon.kz
2025 жылда 8 051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралған. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Жыл басынан бері Қазақстанға 8 051 қазақ келген. Қандастардың 44,2%-ы Өзбекстаннан, 43,2%-ы – Қытайдан, 5%-ы – Түрікменстаннан, 2,7%-ы — Монғолиядан, 2,4%-ы – Ресейден, және 2,5% басқа елдерден өз атамекеніне оралған.
1 тамыздағы көрсеткішке сенсек, еңбекке қабілетті қандастар — 59,1%. Еңбекке қабілетті жастан кішілері — 31,8%. Зейнеткерлер — 9,1%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта білімді, 53,5%-ы жалпы орта білімді, және 2,7% — білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 286 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылғаны айтылды. Нақты айтқанда, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК
(59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде өтемақы берілген.
Жыл басынан бері 221 қандас тұрақты жұмысқа орналастырылды.