«Абьюзердің артында анасы тұруы мүмкін». Психолог Ирина Ким қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғады

Салтанат Нүкенова – 2023 жылы 9 қарашада күйеуі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты.
Əл-Бейне Зарипова – Алматыда күйеуі 10 жерінен пышақ салып, жан тапсырды.
Айман Асанова – танымал заңгерді күйеуі асқан қатігездікпен қинап, өмірін қиды.
Ажар Шодиева — ауыр соққыдан ес жимастан бақилық болды. Күйеуі Ажардың денесін жақындарына бермей, үйінде ұстаған.
Айнагүл Хайруллина – күйеуі бірнеше рет пышақ салған. Ол есін жимастан қылмыс болған жерде көз жұмды.
Жақында Атырауда бұрынғы күйеуі əйелін жұмыс орнында өлтіріп кеткен.
Бұл – аты шулы, медиада жарияланған оқиғалар. Ал біз білмейтін, бірде-біреу жазбаған, ешкім естімеген қаншама əйелдің тағдыры үнсіз үзілді… 2025 жылдың жазында отандастарымыздың жүрегіне ауыр тиген жан түршігерлік оқиға əлеуметтік желіде желдей есті. Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманованы күйеуі атқа байланған күйінде сүйреп, екі жасар баласының көзінше қатігездікпен өмірін қиды. Жазушы Дулат Исабеков «Жамандықтың өлетін жері — жақсылардың кеудесі» деген. Бүгінде ең ауыр трагедия – келесі «трендтің» тасасында қала берді. Демек, үнсіздік — зұлымдыққа жасалған жеңілдік. Сондықтан біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің жанын емдейтін психолог — Ирина Киммен кездестік. Жауыздығы бірінен-бірі асып түсетін оқиғаның себеп-салдарын, шығу жолын сұрап білдік.
Ирина Ким: Сіздің осы мəселе бойынша маған қоңырау шалуыңыз кездейсоқ емес. Мен осы сұхбатты күттім. Толқыдым. Дайындалдым. Себебі абьюзивті қарым-қатынас – психологияға келуіме себепші болды. Жиырма жыл тəжірибемде мен көрген қасірет — əйелдердің тəні мен жанының азабы емес, қоғамның үнсіздігі. Бұл мəселе құзырлы мекемелердің күн тəртібінен түспеуге тиіс. Өйткені абьюзер – анадан да, əкеден де қорықпайды. Ол тек – күштік құрылымнан қорқады. Сең сейілу үшін қоғамға Салтанат Нүкенованың оқиғасы қажет болды. Бір ғана əйелдің тағдыры, солқылдап тұрған іріңнің аузын ашып берді. Алайда қатігездік Салтанатпен тоқтады ма?, жоқ! Одан да зоры шығып жатыр. Бұған да елдің еті үйреніп келеді. Еі сорақысы – осы. Біреудің қасіреті бізге күнделікті жаңалыққа айналды. Ет үйренген сайын – жүрек семіп барады. Ал жүрегі өлген қоғамда – əділет те өмір сүре алмайды. Қай жылдары Алматыда іссапармен жүргенімде уақыт бөліп, тығырыққа тірелген əйелдерге қолдау көрсететін орталықтарға қоңырау шалдым. Ешбірі, ешқайсысы тұтқа көтермеді. Сонда жаны мұрнының ұшына келген əйел кімнен көмек сұрауға тиіс? Ол не қоғамдық ұйымдардан, жедел əрекет ете алмаған полициядан, не жақындарынан қолдау таппаса, ажал құшпағаннан басқа амалы қалмайды.
Журналист: Өзімді Баласазда болған оқиғаға кінəлі сезіндім. Қолымнан ештеңе келмегеніне, үнсіз қалғаныма, «осылай өмір сүруге болады» деп өзімді сендіргеніме. Жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымыздың ертеңі не болмақ? Неге екенін білмеймін, іштей торықтым.
Ирина Ким: Біреудің қайғысына бей-жай қарамау – эмпатияның ең жоғары түрі. Кейде мұндай реакция абьюзивті қарым-қатынаста, я болмаса үздіксіз жанжалға куə болған адамда кездеседі. Елімізде ерінен, жақындарынан жəбір көрмеген əйел кемде-кем. Тіпті кейбірі уақыт өте келе жүрекке түскен жараны ұмытып кетеді. Ал ми ештеңені ұмытпайды. Мен ең күрделі ағзамен жұмыс істеймін. Психология – ғылым. Өзім зорлық-зомбылықты көріп өстім. Миымда қатталып, сіресіп қалған сұрқия оқиғалардан құтылып, аяғыма нық тұру үшін маған 9 жыл керек болды.
Журналист: Əйелін өлімге қиған Айбар Жанболаттың психотипін сипаттап бере аласыз ба?
Ирина Ким: Психиатрияда абьюзерлерге тəн нақты клиникалық диагноз қойылмайды. Ол – қоғам белсендісі, жоғары лауазымды атқаратын тұлға болуы мүмкін. Оған Карина Мамаштың оқиғасы дәлел. Олар сырт көзге өте қарапайым, тіпті мейірімді, беделді болып көрінеді. Бірақ сырты бүтін, іші түтін, пасық. Мұндай адамдар көп жағдайда өз əрекетін ақтап алуға бейім: «мен оны тəрбиеледім, жөнге салдым, менсіз ол кім болар еді» сынды сылтауларға жүгінеді. Бір адам екіншісін жүйелі түрде қорқытып, бағындырып, өзіне тəуелді етеді. Жəбірленуші мұндай қарым-қатынастан ұзақ уақыт шыға алмай, психологиялық тұзаққа түседі. Бұл – зорлықтың ең күрделі, жасырын түрі. Осындай түйінді тарқатуға Каринаның ерік-жігері жетті. Алайда толық қалыпқа келу үшін оған өзімен əлі көп жұмыс істеу керек.
Журналист: Абьюзердің торына түсіп қалмау үшін не істеу керек?
Ирина Ким: Алдымен балаға дауыс көтере сөйлеуге, қаламмен түртуге, жамбасынан ұруға болмайды! Өзіне тəуелді адамға іс-əрекет түгілі, сөзбен қиянат жасалмауға тиіс. Ұрыс-керіс, төбелесті көріп өскен бала, өскенде өзіне дəл сондай ортаны іздеп тауып алады. Қазақтың салт-дəстүрі — адамзатқа ортақ құндылықтарға құралған. Алайда маған келетін əйелдердің көбі салтты жамылып, заң соғатын ене, қайын апа, қайын сіңлі, абысындардан моральдық қысым көргендер. Көп жағдайда абьюзердің артында əйел, демек анасы тұрады. Сондықтан бұл өте күрделі, көпұшты мəселе.
Журналист: Қоғамда “өзіңді жақсы көру” деген ұғым өте өзекті. Бұл түсінік кейде эгоизм, инфантилизммен үндесіп кететін секілді.
Ирина Ким: Бұл күйге жету үшін — яғни өзіңді шынайы жақсы көріп, бағалап, тіпті түсіну үшін үлкен еңбек керек. Бұл əркімнің уысына түсе бермейтін ішкі еркіндік. Мен əуелі əйелдерге өздеріңізді сыйлап үйреніңіздерші деп, жалынамын.
Сұхбаттасқан: Лаура Бекжігіт