Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеме жасап, еліміздегі теміржол желісінің 57%-ы тозып тұр деп айтты.

— Теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың шақырым. Тозу деңгейі — 57 пайыз, — деді министр.

Сауранбаевтың айтуына қарағанда, тозығы жеткен желілер пойыздардың қозғалысын шектеп, жылдамдығын төмендетеді. Қауіп-қатер төндіреді. Қазіргі инфрақұрылым толық шегінде жұмыс істеп тұр.

— Осы проблемаларды шешу үшін 2029 жылға дейін 5 мың км жаңа жол құрылысы мен модернизация жүргізіліп,11 мың км жол жөнделіп жатыр, — деп айтты Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте.

Сонымен қатар министр төрт жыл көлемінде операторлардың 7 мыңнан астам жүк вагонын сатып алатынын айтты. Қазақстан жерінен халықаралық сауда бағыты өтетініне тоқталып, еліміз арқылы 5 жаһандық теміржол дәлізі жұмыс істеп тұрғанын еске салды.

— Қазақстан қазір халықаралық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нақты бекітті. Соңғы 10 жылда транзит көлемі екі есеге өсіп, 2024 жылы 27,4 млн тоннаға жетті. Теміржол саласында атқарылып жатқан жұмыстарды ескере отырып, биыл транзит көлемі 33 млн тоннаға жетеді. Ал келесі жылы 54 миллионнан асуы керек. 2029 жылдың соңына дейін транзиттік тасымал көлемін  67 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Халықаралық сарапшылардың (KPMG және PwC) болжамы бойынша 2035 жылға қарай транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға дейін жетеді (бұл 4,4 трлн теңге болады). Алдағы уақытта біздің мақсатымыз — бұл көрсеткішке ертерек қол жеткізу. Еліміздің транзиттік әлеуетінкөтеру және тарифтік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жоспарлы жұмыстар өткізіліп жатыр, — деді министр.