Үкімет тартылып бара жатқан Каспий теңізін зерттеуге 305 млн теңге бөлді

Үкімет Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамыту мақсатында мол қаражат бөлді.
Каспий теңізі проблемаларын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ-қа Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Институт Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылған.
Атап айтқанда, ҒЗИ-дің қызмет аясына:
- балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу;
- ихтиофаунаны зерттеу:
- итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері кіреді.
Бұдан бөлек, теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік және Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау мен талдауға бағытталған.
Үкімет бөлген қаржы институтты дамытуға бағытталады деп хабарланды. Гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақтылы әрі тиімді жүргізуге, сондай-ақ институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға мүмкіндік беретіні айтылды.
Еске сала кетейік, Экология министрлігінің экологиялық мәдениет және саясат департаменті директоры Дәулет Есмағамбетов Каспийдің Қазақстан бөлігіндегі теңіз деңгейі бір жылда 26 сантиметрге төмендегенін жеткізген еді.
Бұдан бұрын Каспий проблемасын зерттеу мақсатында құрылған институтқа мол қаржы бөлінетінін мәлімдеген.
Жабдық сатып алуға жергілікті бюджеттен 518 миллион теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен штат пен инфрақұрылымды ұстауға тағы 328 миллион теңге.
Ғылыми-зерттеу институтында жалпы 91 адам жұмыс істейтін болады. Мекеме құрамына кеме қосылса, экипажда 15-20 адам болады.
Каспий теңізінің Қазақстан тарапындағы жағалауының ұзындығы 2320 шақырым, бұл барлық Каспиймаңы мемлекеттері арасындағы ең ұзын жағалау сызығы саналады.
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Каспиймаңы елдерін судың тартылуы мен теңіздің таяздануына қарсы күресте күш біріктіруге шақырған.