«Болашақта қандай мамандықтарды ЖИ алмастырады?». Microsoft зерттеу жүргізді

Microsoft компаниясы жақында жариялаған зерттеу нәтижесі жасанды интеллекттің (ЖИ) қазіргі еңбек нарығына тигізетін ықпалын айқын көрсетіп берді. Компания Copilot және ChatGPT секілді құралдардың ықпалын сараптай келе, болашақта ЖИ орнын басатын 40 мамандықтың тізімін жариялады.
Мамандар әсіресе гуманитар саласындағы қызметтердің — жазу, аударма, клиенттерге қызмет көрсету — жасанды интеллектің көмегімен жүзеге асуы мүмкін дейді. Бұл саланың тапсырмаларын Chat GPT сынды қосымшалар жылдам әрі сапалы орындай алады. Сондықтан дәл осы бағыттарда адам қызметін ЖИ алмастыруы мүмкін деген тұжырым жасалған.
Сонымен қатар, зерттеуде қол еңбегі мен адаммен тікелей байланысқа негізделген көмекші қызметтердің әзірге ЖИ-ге тәуелсіз екені анықталды. Бұл — күтушілер, санитарлар, құрылысшылар мен техникалық қызмет көрсету саласындағы мамандар. Олардың жұмысын толық автоматтандыру әзірше мүмкін емес.
Microsoft өз баяндамасында жасанды интеллекттің мақсат-міндеті адамдарды толығымен алмастыру емес, керісінше, өнімділікті арттырып, адамның жұмысын жеңілдету екенін айтты. Дегенмен, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу маңызды. Сондықтан компания қызметкерлерге цифрлық дағдыларды дамытып, ЖИ құралдарын тиімді пайдалануды үйренуге кеңес береді. Себебі болашақта кәсіби табыстың кілті — үздіксіз оқу мен жаңа технологияны игеруде болады.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай