Қазақстан үкіметі Қызылорда облысындағы егін алқаптарын сумен қамту мақсатында 1 млрд теңге бөлді.

Үкімет резервінен Қызылорда облысының қажеттіліктері үшін 53 жылжымалы дизельді сорғы стансасы сатып алынады.  Бұған 1 млрд теңге бөлінді.

Мамандардың есебінше, жаңа жабдық магистральді арналарда су деңгейі төмен болған күннің өзінде 6 мыңнан астам гектар жерді суарып тұруға мүмкіндік береді. Сорғы стансалары магистральді және шаруашылықтар аралығындағы арналардан ішкі шаруашылық желілеріне су жіберу үшін қолданылады.

Өңірде 126,4 мыңнан астам гектар жерге суармалы егін егілген, оның 82,4 мың гектары — күріш. Ағымдағы суару маусымында жоспарланған су көлемі 2,5 млрд текше метр.

Облыс әкімдігінің «Қазсушар» РМК-нің Қызылорда филиалымен бірлесе арнайы мониторинг тобын жасақтағаны, Сырдариядан келіп жатқан су көлемін есепке алғаны айтылды. Сонымен қатар бес магистральді және үш шаруашылықтар аралығындағы арналарға су беру кестесін әзірлеп, бекіткені хабарланды.

Орайы келгенде айта кетелік, Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешені трансшекаралық су ресурстарына тікелей тәуелді.

Үкімет арнасында өңірді тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету, астық өнімділігін және азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мемлекеттің басты міндеті саналады деп хабарланды.