Фариза Фазыл «Ұлболсын» есімді қызға арнаған ашық хатында қазақ қоғамындағы қыздарға «Ұлжан», «Ұлтуар» сынды есім беру проблемасын көтерген. Байқауға әлем бойынша он мыңға жуық қатысушы қатысқан, олардың ішінен тек 10 шығарма үздік деп танылды.

— Мен The New York Times байқауы туралы Lever Tutoring платформасындағы курсты оқып жүргенде білдім. Бұл басылымның эссе мен подкасқа арналған түрлі байқаулары бар екен, оларды The Learning Network бөлімінен табуға болады – қарап көруге кеңес беремін.

Фаризаның бұған дейін де түрлі эссе байқауларына қатысқан тәжірибесі бар. Мәселен, TRUST Sustainable Development немесе The Queen’s Commonwealth Essay Competition секілді жобалар. Өзінің былтыр да қатысқысы келген, бірақ сол жолы подкаст нұсқасымен өтінім бермек болып, сәті түспегенін айтты. Сондықтан биыл бұл мүмкіндікті кейінге қалдырмай, The New York Times байқауына бірден тіркелді.

— Мен қатысқан байқау Open Letters: Our Opinion-Writing Contest деп аталады. Бұл байқауда ашық хат жазу керек яғни, қоғамға арналған үндеу. Жұмысыңда қозғаған проблемаң бар екенін, оның маңызды әрі өзекті екенін дәлелдеп шығу керек. Жазбада нақты кімге үндеу жасап отырғаныңды түсіну өте маңызды, өйткені ашық хат ресми тұлғаларға, танымал адамдарға не ұйымдарға бағытталуы мүмкін, сонда ғана мәтін нақты тұлғаға арналған мазмұнды хатқа айналады.

Кейін Фариза бұл тақырыпты тереңірек зерттей бастаған. Жеңімпазымыздың сөзіне қарағанда, аталмыш проблема жөнінде ақпарат көп. Әдетте қазақ дәстүрі мен мәдениетіне қатысты дерек іздесең, көбінесе үстірт, жалпылама мәліметтер ғана табылады, ал бұл тақырыпта нақты зерттеулер көп – олардың кейбіріне өз эссемде сілтеме жасадым деп айтты Фариза.

— Эссені бір ай немесе бір жарым ай шамасында жаздым, шынымды айтсам, бұл оңай болған жоқ. Кімге арнайтынымды шешу керек болды, бастапқыда ресми тұлғаларға жазып көрдім, бірақ мәтін тым ресми, бірсарынды болып кетті. Сосын қайта бастап, дұрыс бағыт іздедім. Ал есімін Ұлболсын деп қойған қызға тікелей үндеу жазу керек екенін түсінгенде бәрін түсіне кеттім келді, жазу бірден жеңілдеді. Эссе жазу барысында әртүрлі эмоцияны бастан кешірдім: бір жағынан, жүрегім ауырды, екінші жағынан, қолымнан ештеңе келмейтіндей болып, үмітсіздік те биледі, өйткені бұл әділетсіз жағдайға тікелей әсер ете алмайтынымды түсіндім. Сондықтан жазып, қайта оқыған сайын жүректе сыртқа шықпайтын сезім қалатын. Бірақ мен дәл осы арқылы эссем әсерлі бола түсті деп ойлаймын.

Феминизм – дәл осындай әлеуметтік әділетсіздікпен күресетін қозғалыс. Ол әйелдің қоғамдағы орнын, құқығы мен қадірін мойындатуды мақсат тұтады. Бүгінде қыз балалар феминистік құндылықтарға жақын болуы – заңды құбылыс. Себебі бұл қозғалыс оқу, жұмыс істеу, өз пікірін айту, еркін болу мүмкіндігін сыйлайды. Сол себепті қыз балаларға артылатын мұндай ауыр есімдерден бас тарту заман талабы.

— Сонымен қатар, мен азиялық қоғамдарда ер адамдардың әлі күнге дейін әйелдерден жоғары бағаланатынына назар аудартқым келді. Бұған ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүрлердің де әсер еткенін көрсетуге тырыстым. Қоғам мұндай жағдайда не істеу керекгі туралы ойлануға тиіс. Менің мақсатым – жадымызда сақталып қалатын, талқылауға түрткі болатын және ой салатын мәтін жазу болды.

Қазір Фариза үшін бастысы — оқу. Бірақ бос уақытында түрлі жобалар жасаумен де айналысады. Мысалы, ZherSoilScan жобасы — бұл топырақты талдау құрылғысы мен мобильді қосымша жасауға бағытталған. Мақсаты — фермерлерге жерді зерттеуді зертханалық әдістерден жылдамырақ әрі арзанырақ ету. Бұл жобамен Фариза және оның тобы Technovation Girls байқауының жартылай финалына шықты. Бос уақыты аз болса да кейіпкеріміз фэнтези жанрындағы кітап оқығанды ұнатады, спортпен де айналысады. Бұған дейін көркем гимнастикамен айналысса, қазір акробатикамен айналысады.

Әлемге өз ойын жеткізгісі келетін, бірақ «бұл ешкімге қызық емес» деп ойлайтын қыздарға айтарым – кейін өкінбеу үшін, әрекет етіңдер. Батыл болу керек, өз болмысыңнан айнымай, сеніміңе берік болу қажет. Шынымды айтсам, мен де кейде тәуекелге бара алмай қаламын, бірақ бұл жолы бәрі ойдағыдай болды. Сондықтан қорықпаңыздар – әрекет етіңіздер! — дейді оқушы.

 

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай