Қосылған құн салығы — 16%. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды

Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Салық кодексінің салық жинау ісін жаппай жеңілдетуге құрылғаны хабарланды.
Кодексте қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі көрсетілді: 16 пайыз.
Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан — 5 пайыз, 2027 жылдан — 10 пайыз.
— Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері ҚҚС-тан босатылады. Мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10 пайыз деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді.
Ал корпоративті табыс салығы (КТС) 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін — 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады. Қор нарығын ынталандыру үшін биржалық құнды қағаздарға төленетін дивиденттерге арналған салық жеңілдіктері сол күйінде сақталады.
Салық ісін жүйелеу айтарлықтай өзгереді. Камералды бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігін беру процедуралары жеңілдетіледі. Салық берешегі аз болса, бизнестің есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады.
Айта кетейік, кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Кодекстің мәтіні баспасөзде жарияланады.