Қазақстанда 2025 жылы қандай байқаулар өтеді?

Бүгінде Қазақстанда жастарды қолдау үшін түрлі мемлекеттік және қоғамдық бастамалар қолға алынып жатыр. Ел болашағы жас ұрпақтың әлеуетін арттыру, олардың ғылым, мәдениет, білім және кәсіби саладағы бастамаларын қолдау мақсатында биыл бірнеше маңызды байқаулар жарияланды. Біз шығармашыл тұлғалар мен қоғам өміріне ықпалды азаматтарға арналған байқауларды саралап көрдік.
Негізгі байқаулар қатарында – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Jas Kenes Siylygy» жастар марапаты және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атаулы шәкіртақысы бар. Бұл төрт жобаның әрқайсысы өз саласында белсенді, шығармашыл және жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген жастарға арналған қолдау саналады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру конкурсын бастады.
Бұл бастама еліміздің дамуына өз үлесін қоса алатын белсенді жастардың жаңа идеялары мен жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Грантқа 14 пен 35 жас аралығындағы тұлғалар үміткер бола алады. Биыл барлығы 30 грант берілмек, әрқайсысының көлемі – 3 миллион теңге. Қатысушылар ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттар бойынша өз жобаларын ұсына алады. Өтінімдер 2025 жылғы 18 тамызға дейін қабылданады.
Сонымен қатар, шығармашылық пен қоғамдық салада айтарлықтай табысқа жеткен жастар үшін Мемлекет басшысының қолдауымен берілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына өтінім қабылдау жүріп жатыр.
Бұл сыйлық жыл сайын еліміздің ғылым, әдебиет, спорт, журналистика, театр, кино, эстрада және өзге де салаларындағы дарынды жастарды қолдау мақсатында табысталады. Жеңімпаздарға арнайы диплом, төсбелгі және қаржылай сыйақы тапсырылады. Конкурсқа 35 жасқа дейінгі, республикалық немесе халықаралық деңгейде жетістікке жеткен жастар қатыса алады. Байқау 10 түрлі номинация бойынша өтеді және құжат қабылдау 2025 жылғы 27 тамызға дейін жалғасады.
Негізгі ережесі:
Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.
Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.
«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргізеді және мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;
3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;
4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);
5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);
6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;
7) кандидаттың жетістіктері туралы растайтын материалдар (болған жағдайда).
Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгімен сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.
Жас мамандар үшін арнайы ұйымдастырылған тағы бір маңызды бастама – «Jas Kenes Siylygy» тәуелсіз марапаты. Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба өндіріс, білім беру, медицина, құқық қорғау, әлеуметтік қызмет, коммуналдық сала және еріктілік бағыттарында еңбек етіп жүрген, бірақ басшылық қызмет атқармайтын мамандарды қолдауға арналған.
Биылғы конкурстың ерекшелігі – әр номинация бойынша екі жеңімпаз анықталады, барлығы 14 жас маман марапатталады. Жүлде қоры – 14 миллион теңге. Бұл сыйлық еңбекші жастардың беделін көтеруге, оларды тануға және ынталандыруға бағытталған. Өтінімдер www.jaskenes.kz сайты арқылы 20 шілдеге дейін қабылданады.
Ал шығармашылық және мәдениет саласында білім алып жатқан студенттер үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұсынған атаулы шәкіртақы – ерекше мүмкіндік. Бұл шәкіртақыға өнер және мәдениет бағытындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үміткер бола алады.
Шәкіртақы академиялық үлгерімі жоғары, сонымен қатар ғылыми, қоғамдық және шығармашылық өмірге белсене араласатын студенттерді қолдау мақсатында беріледі. Байқау екі кезеңде өтеді: бірінші кезең – оқу орнында, ал екінші кезең – республикалық деңгейде Қор тарапынан ұйымдастырылады. Жеңімпаздар оқу жылы бойы ай сайын шәкіртақы алып, республикалық деңгейде мойындалуға мүмкіндік алады. Құжаттар 2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін қабылданады.
Аталған төрт байқау – жас буын өкілдері үшін үлкен серпін беретін бірегей мүмкіндіктер. Олар тек қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, ел өміріне белсене араласуына жол ашады. Жастардың жаңа идеялары мен жобаларына сенім білдіру – Қазақстанның болашағына инвестиция салу деген сөз. Мұндай бастамалар қоғамның негізін қалау жолындағы маңызды қадам болмақ.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай