АҚШ президенті Tesla басшысын айыптап, «Ол есінен адасты, өйткені  өз партиясын құрғысы келеді. Америка Құрама Штаттарындағы мұндай жобалар тек хаос тудырады», — деп атап өтті.

АҚШ президенті Дональд Трамп 6 шілде күні өзінің бұрынғы серіктесі, миллиардер Илон Масктың партия құру идеясын келекелеп, сөз қосты. Ақ үй басшысы Нью-Джерсидегі гольф клубынан Вашингтонға бара жатқан кезде бұл тақырыпқа қатысты:

«Бізде үшінші тараптар ешқашан жұмыс істемеген. Ол бұл идеяға сүйене отырып өз көңілін көтеретін шығар, бірақ өз басым мұның бәрін күлкілі деп санаймын», — деп жауап берді.

Кейіннен Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде «Маск есінен адасты» деп жазды. Президент Америка Құрама Штаттарының тарихын сөз етіп, үшінші ірі партияны құру әрекеттерінің ешқашан сәтті болмағанын айтты. Бұл сөзін АҚШ-тың екіжақты саяси жүйесімен тәпсірлеп, «оларға сәйкес келмейтін сияқты» деп мәлімдеді.

«Үшінші партиялардың қолынан келетін жалғыз нәрсе — толық құлдырау мен хаосқа бастамашы болу. Онсыз да сенімі мен ақыл-есінен айырылған радикалды солшыл демократтар жетіп артылады!»- деп санайды Трамп.

Маск неліктен үшінші партия құруды көксейді?

Трамп екінші рет прзеидент болған кезде Илон Маск ел билеу ісіне араласқан. АҚШ басшысының бастамасымен құрылған үкімет департаментін (DOGE) қадағалаған. Бірақ мамыр айының соңында қызмет мерзімі аяқталып, мемлекет жұмысынан кететінін жариялаған.

Маусым айының басында Tesla және SpaceX ғарыш компаниясының басшысы елдегі бірқатар заң жобасын сынға алды.  «Көлемді заңнан» жиіркенетінін айтып, «қазірдің өзінде алып мемлекеттегі бюджет тапшылығын арттырып жатыр» деп атады.  Сонымен қатар келесі сайлауда демократия партиясының кандидаттарын қолдаймын деп қорқытты.

Трамп бұрынғы серіктесінің «басына әңгір таяқ ойнатамын» деп ескертті. Маск дереу райынан қайтып, татуласқысы келетінін жеткізді.

Алайда, саясаткер мен кәсіпкер арасындағы шиеленіс 1 шілде күні қайта ушықты. АҚШ президенті Tesla мен Масктың басқа компанияларына бөлінген мемлекет субсидияларын тексеремін деп сескендірді.

«Егер бұған дейін осындай қолдау көрмеген болса, ашқан дүкенін жауып, келген Оңтүстік Африкасына қайта оралатын еді. Енді зымыран, спутник, электромобильдер өндірісі тоқтайды, ал біздің ел үнемшілдікке көшеді», — деп жазды Трамп Truth Social-да.

АҚШ-тың Тәуелсіздік күнінде Маск маңызды сауал қойып, халықтан «Америка партиясын құруымыз керек пе?» деп сұрады. Сауалға күн сайын 1,3 миллионға жуық адам тіл қатып, дауыс берді.

«Екіжақты жүйеден арылайық» деген идеяны дауыс берген азаматтардың 65 пайыздан астамы қолдады.

6 шілдеде «жаңа Америка партиясын» тіркеуге арналған құжаттар АҚШ федералды сайлау комиссиясына түскені белгілі болды. Дегенмен Илон Масктың партия құру үшін арыз беріп-бермегені белгісіз, миллиардердің өзі бұл деректі әлі растаған жоқ.