Атырауда Re.Women ұйымының тізгінін тәжірибелі медиамаман ұстады, деп хабарлайды ELORDA MEDIA.

Re.Women әйелдер қауымдастығының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы болып медиа саласының білікті маманы, продюсер, қоғам белсендісі Гүлназ Кәрімжанқызы Кәрімжан сайланды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жеке кәсіпкер әрі көпбалалы ана ретінде Гүлназ ханымның 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол журналистика, білім, PR және қоғамдық жобаларда мол тәжірибе жинақтаған.

Бұған дейін республикалық және өңірлік телеарналарда шеф-редактор, бас продюсер, медиаакадемия директоры қызметтерін атқарған. Нью-Йорктегі NYFA академиясында тәжірибе алмасқан. Қазір BINOMnews медиаакадемиясы мен BN Production студиясын басқарады.

Атырау облысы Білім басқармасы конкурстық комиссиясының мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикері ретінде өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді.

Гүлназ Кәрімжанқызы стратегиялық ойлау, жобаларды басқару, халықаралық байланыс және көпшілік алдында сөйлеу сияқты көшбасшылық қабілеттерімен ерекшеленеді. Re.Women ұйымы осындай көшбасшы арқылы өңірдегі әйелдердің әлеуетін көтеруді мақсат етеді.