Америка «пайда көздейтін жаңа миграция саясатын» құрды. «The Trump Card» тиімді инвестиция түрі ме?

фото: dailytimes.com.pk
2025 жылы маусым айында АҚШ президенті Дональд Трамп иммиграция бағытында бетбұрыс жасады. Бұл бастама «Trump Gold Card» деген атаумен белгілі болды. Онда шетел азаматтарына Америкада тұрақты тұру құқығы, кейін азаматтық алуға өтініш беру мүмкіндігі ұсынылады. Бірақ бір маңызды шарт бар: бұл құжатты алу үшін өтініш беруші АҚШ экономикасына 5 миллион доллар инвестиция салуға тиіс.
Бұл идея алғаш рет 2025 жылдың ақпанында жарияланды. Бағдарлама қолданыстағы EB-5 инвестициялық визасының орнын баспақ. EB-5 бағдарламасы бойынша инвесторлар кем дегенде 1 миллион доллар салып, 10 адамды жұмыспен қамту қажет болады. Жаңа ұсыныс Канада, Жаңа Зеландия, Мальта сияқты елдерде қолданылатын «golden visa» жүйесіне ұқсас. Бұл бағдарламалар Америка аумағында тұру құқығын инвестиция құю арқылы сатып алуға мүмкіндік береді. Ал 12 маусымда trumpcard.gov сайты іске қосылды. Карта алуға ниет білдіргендер сайтта аты-жөнін көрсетіп, қайтарымды байланыс дерегін жазып, алдын-ала тіркеле алады.
Жаңа саясат Дональд Трамптың 2024 жылғы президенттік сайлауда қайта сайланғанынан кейін ұсынылып отыр. АҚШ басшысы өзінің алғашқы мерзімінде де иммиграция мәселесін қатаң бақылауда ұстады. Алайда Gold Card бастамасы бұрынғы қатаң саясатқа қарама-қайшы бағыт ұстанады, тек байларға арналған «VIP көші-қон» жолы іспеттес.
Gold Card – елге пайда әкелетін «мигранттарға» арналған
Trump Gold Card – қарапайым халыққа арналмаған. Бұл бастама тек аса ауқатты шетел азаматтарына бағытталған. Инвестиция көлемі тым жоғары 5 миллион доллар, теңгеге шаққанда – 2.5 миллиард. Әсіресе, дәстүрлі көші-қон жүйесінен өзге, бағамдасақ, тек бай адамдарға ғана есік ашатын жоба екенін көрсетеді. Дональд Трамптың өзі де: «олар бізге бай-табысты болып келеді әрі бізге салық төлейді», – деп түсіндірді.
Картаны алған адамға АҚШ-та өмір сүруге, жұмыс істеуге, білім алуға және кейін азаматтық алуға өтініш беруге мүмкіндік беріледі. Бұл құқықтар грин карта иелерінің құқығына өте ұқсас. Аталмыш бағдарламамен елге қоныс аударған тұлға бірден АҚШ азаматтығын алмайды. Алдымен резиденттік статус (тұрақты тұру құқығы) беріледі, ал азаматтыққа өту бірнеше жылға созылатын жеке процесс болуы мүмкін. Бірақ процесті жеделдету үшін де материалдық шығынға дайын болу керек.
Дональд Трамп «Америка үшін ең тиімді мигранттарды таңдау тәсілі» ретінде алтын карта жобасын таныстырып отыр. Оның пікіріне қарағанда, елге жұмыссыз, әлеуметтік қолдауға тәуелді адамдар емес, дайын қаржысы, бизнесі бар, экономикаға нақты үлес қоса алатын тұлғалар келуі керек. Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен пікірталас тудырды, себебі ол бай мен кедей арасындағы теңсіздік мәселесін одан сайын күшейтеді.
Сарапшылар: бұл әлеуметтік теңсіздік, азаматтықты сату
Бұл бастама қоғамда екі түрлі пікір туғызды. Дональд Трамптың жақтастары оны экономикаға пайдалы, бюрократияны қысқартатын, бай адамдарды Америкаға тартатын оң қадам деп бағалап отыр. Ал қарсы тарап бұл ұсынысты “азаматтықты сату” деп сынайды. New York Times басылымының мақаласында профессор Сара Пирсонның пікірінше, жаңа бастама біршама әлеуметтік проблеманың бастауы болады.
Оның сөзіне қарағанда, «Америкада ондаған жыл еңбек етіп, салық төлеп жүрген адамдар азаматтық ала алмай отыр. Ал байлар оны ақшаға сатып алмақ. Бұл – әлеуметтік әділетсіздік». Иммиграциялық заңгерлер де бұл бастаманы сынға алады. Олардың айтуынша, АҚШ иммиграция саясатын өзгерту тек Конгресс арқылы жүзеге асады. Президенттің жарлығы мұндай ірі өзгерістерге жеткіліксіз. Иммиграциялық құқық жөніндегі кеңесші Эмили Вонг былай дейді: «Жаңа бастаманы заңды бағдарламалармен еш салыстыруға келмейді. Мұнда жұмыс орнын ашу, экономикалық белсенділік көрсету секілді шарттар жоқ. Бұл жай ғана азаматтықты сату идеясы».
Бассим Хайдар есімді мультимиллионер атанған кәсіпкер:
«Мен АҚШ президентінің бұл жаңа ұсынысы ауқымды нәтиже береді деп ойламаймын. Өйткені, адам белгілі бір талаптарға сай келсе, АҚШ-та грин карта алу онсыз да аса қиын емес», – дейді.
Гонконгтағы John Hu Migration Consulting компаниясының негізін қалаушы Джон Худың айтуынша, EB-5 визасын көбіне Гонконг пен Қытай тұрғындары пайдаланған. Олар АҚШ-та бизнес жүргізу үшін немесе балаларын америкалық оқу орындарына түсіру мақсатында көшіп келген. Оның сөзінше, инвестиция шегінің 5 миллион долларға дейін көтерілуі көпке тиімсіз. Атап айтқанда, Америкаға жиі қоныс аударатын қытайлықтарды сан соқтырады. «Егер “алтын виза” EB-5-тің орнын басса, жалпы өтініш берушілер саны айтарлықтай азаяды», – деді Ху Reuters агенттігіне. Сондай-ақ кәсіпкер әлемдік салық мөлшері бай адамдар үшін әрдайым қауіп тудыратынын атады.
фото: dzen.ru
АҚШ өз экономикасын байытуда әлем елдерінің тәжірибесіне үңіле ме? Жаңа картаның салдары
Осы бастама аясында Трамп әкімшілігі америкалық экономикаға үлкен қаржы тартуды көздеп отыр. Ресми емес болжамдар бойынша, егер 200 мың адам осы картаға өтініш берсе, АҚШ қазынасына шамамен 1 триллион доллар түсуі мүмкін. Бұл қаражат инфрақұрылым, қорғаныс және ұлттық қарызды өтеуге жұмсалады деген пікір айтылды. Дегенмен, бұл қаражаттың нақты қайда жұмсалатыны, қандай салаларға бағытталатыны және инвестиция қайтарымды бола ма деген сынды сұрақтарға ешқандай нақты жауап жоқ. Сарапшылар бұл бастама тұрғын үй нарығына әсер етеді деп алаңдап отыр. Мысалы, Еуропадағы алтын виза бағдарламалары кезінде Португалия мен Мальтада шетелдіктердің жаппай жылжымайтын мүлік сатып алуы ішкі нарықтағы үйлердің бағасын күрт көтеріп жіберген. АҚШ та бұл елдердің кебін киюі мүмкін.
Gold Card ресми іске қосылса, EB-5 визасы ескірген бағдарлама ретінде ығысуы да ықтимал. Бүгінде шетелдік инвесторлар үшін тиімді бағдарлама EB-5 визасы, ол АҚШ-та бизнес ашып, кемінде он жұмыс орнын құруды талап етеді. Ал жаңа Gold Card мұндай міндеттемелер қоймайды, тек бес миллион доллар көлемінде инвестиция салу жеткілікті. Осы ерекшелігі оны әлдеқайда жеңіл әрі жедел етеді. Мұндай жағдайда көп инвестор EB-5-ті емес, Gold Card-ты таңдайтын болады. Нәтижесінде, EB-5-ке сұраныс күрт төмендеп, ол ескірген, бәсекеге қабілетсіз бағдарламаға айналады. Бұл көші-қон саясатын бизнес пен жұмыс орындарын құрудан гөрі, капитал көлемін арттыруға қарай ығыстырып жібереді. Осындай өзгеріс әлеуметтік және экономикалық балансты да өзгертеді.
Еске сала кетейік, АҚШ экономикасына көп мөлшерде инвестиция салып, қоныс аударамын деген әр кәсіпкер, жеке тұлға https://trumpcard.gov/ сайты арқылы өтінім бере алады. Сауалнамаға өзіңіздің аты-жөніңізді, қай жерден екеніңізді, Америкаға қандай мақсатта көшетініңізді және электронды поштаңызды жазсаңыз жеткілікті. Кейін жолдау батырмасы арқылы берген өтініміңіз бірден қабылданады. Сайттың басты бетінде алтын түстегі АҚШ картасы орналасқан. Онда президент Дональд Трамптың, Бостандық мүсінінің және Америка Құрама Штаттарының ұлттық символы ақбас қыранның суреттері бейнеленген. Әзірше өтінімдерді қабылдау аяқталмады.
Trump Gold Card бағдарламасы АҚШ иммиграциялық саясатының бағытын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бұл бастама дәстүрлі еңбек пен білім негізіндегі көші-қон моделінен бас тартып, капиталға негізделген жаңа жүйені ұсынады. Мұндай бетбұрыс ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік пен әділет шеңберіне қатысты проблемаларды ушықтырады. Әлем елдеріндегі осыған ұқсас тәжірибе тек экономиканы емес, қоғам құрылымын да құлдыратқан. АҚШ қоғамы азаматтықты тек байлықпен байланыстыра ма, бұл жауабы жоқ сұрақ күйінде қалып отыр.
Сондай-ақ бағдарламаның құқықтық негізі толық қалыптасқанға дейін оның тұрақты да заңды болуы күмәнді. Инвестиция көлемінің ауқымы бай азаматтар үшін де ауыр сома болуы мүмкін. Ал шағын және орта кәсіп иелеріне бұл картаны ала алмайды. Сондықтан бұл бастама кең аудиторияны емес, шектеулі топты ғана қамтитын шағын жоба. Ақыр соңында, оның табысты не сәтсіз болуын тек заңнама желісі, қоғам ықыласы мен уақыт факторы шешеді.
Мөлдір Түктібай
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
журналистика факультетінің 2-курс студенті