«242 жолаушының бәрі қаза тапты деп хабарланды». Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады
Фото: Reuters
Air India әуе компаниясының ұшағы Үндістанда апатқа ұшырап, борттағы 242 жолаушының бәрі қаза тапты деп хабарланды. Бұл туралы The Associated Press агенттігіне Үндістан полициясының өкілі хабарлады.
Аса қайғылы жағдай жайлы:
— Әуе апатынан тірі қалғандар жоқ сияқты, — деді полиция өкілі.
Оның айтуынша, ұшақ тікелей тұрғындар өмір сүретін аймаққа құлаған. Полиция өкілдері кейбір жергілікті тұрғындар да қаза тапты деп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үндістан полициясы Air India ұшағы дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлағанын хабарлаған болатын.
Air India әуекомпаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағы Ахмедабад қаласындағы Сардар Валлабхбхая Патела халықаралық әуежайынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырады.
Ахмадабадтан 13:38–де көтерілген Boeing 787-8 ұшағының бортында 242 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Олардың 169-ы Үндістан, 53-і Ұлыбритания, біреуі Канада азаматы және жетеуі Португалия азаматы болғаны хабарланды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Air India ұшағының апатынан қаза тапқан немесе зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түспегенін хабарлады.
Қазақстан Президенті Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге Ахмедабад қаласы әуежайының маңында болған жолаушылар ұшағы апатынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қазақстан Президенті әуе апатынан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақындарын сабырға шақырып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетулеріне тілектестік білдірді.