Макрон Францияда 15 жасқа дейінгі балаларға шектеу қойылатынын ескертті. Енді жасөспірімдер мен бүлдіршіндер әлеуметтік желілерді қолдана алмайды, суық қару сатып алудан «аластатылады».

Француз президенті балалардың әлеуметтік желіден алыстауын құп көреді. Басшы бұл хақында France2 эфирінде мәлімдеді.

Президенттің хабарлауына қарағанда, ЕО мұндай шешімді мақұлдамаған жағдайда тыйым салу ұлттық деңгейде жүзеге асады. Ел аумағындағы шектеу «алдағы айларда» басталмақ.

Сонымен қатар Эммануэль Макрон Францияда порнографиялық мазмұны бар сайттардың тексеріліп,  пышақ сататын интернет-дүкендерінің қызметі қадағаланатынын айтты.

— 15 жастағы жасөспірім енді  онлайн сипатта пышақ сатып ала алмайды. Біз бұл қадам арқылы жаппай тыйым саламыз», — деп уәде берді президент.

Макрон мәлімдемесінде Ножан-сюр-Мар қаласында оқушының мектеп қызметкеріне тұра ұмтылып, үлкен адамға пышақ салғанын айыптады.

Еске сала кетейік, Ножан-сюр-Мар қаласындағы мектептердің бірінде кісі өлді. Марқұм ғимараттың кіреберісіндегі сөмкелерді тексеріп жатқанда қаза тапты. Оған  14 жастағы мектеп оқушысы пышақ кезеді.