Қазақстанда баланың болашағына қамдану мақсатында мемлекет тарапынан ақша жинауға көмектесетін «Келешек» жүйесі іске қосылды. Жиналған қаражат білім алуға жұмсалады. Ал перзент грантта оқып,  білім ошағын табысты тәмәмдаса, қаржыны баспана алуға жаратуға болады. 

Kursiv.media порталының хабарлауына қарағанда, бағдарлама  5 жасқа дейінгі балаларға арналған. Бағдарламаның игілігін көру үшін, алдымен, Отбасы банкінде Aqyl білім беру депозитін ашу қажет.

«AQYL» депозитін ашудың төрт тәсілі бар:

1. Otbasybank.kz порталында. Жеке кабинетке кіріп, «Менің банкім» бетін ашып, «Депозиттерге» өту керек. Әрі қарай, «Жаңа депозит» батырмасын басып, «AQYL» салымын ашасыз;

2. hcsbk.kz банк сайтындағы бейне-қоңырау қызметі арқылы;

3. Банк бөлімшелерінде;

4. Кеңесшілердің көмегімен. Сілтеме арқылы әркім өз қаласынан кеңесші таңдай алады.

«AQYL» депозитінің шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі 13,58% (ЖТСМ 14,5% бастап);
  • мемлекеттік сыйлықақы: салымшылардың барлық санаттары үшін – 5%. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін – 7%.
  • депозит ашқан кезде міндетті бастапқы жарнаның мөлшері 3 АЕК немесе 11 796 теңгеге тең (2025 жылы). Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы жарна жоқ.

Мемлекет сізге бастапқы білім беру капиталы ретінде 2025 жылы 60 АЕК немесе 235 920 теңге аударады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 120 АЕК немесе 471 840 теңгеге тең.

2025 жылы мемлекеттен берілетін, 235 920 теңгеден басталатын бастапқы білім беру капиталы биыл 5 жасқа толатын балаларға есептелетін болады.

Бір айта кетерлігі, ата-аналар мемлекет беретін қаражатты сақтау үшін жарна салып тұруға тиіс. Яғни,  балалары кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскенге дейін жыл сайын жарна салып тұруы қажет.

Бір жылдағы ең төменгі жарна 24 АЕК немесе 2025 жылы 94 368 теңге.

Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін – 2025 жылы 12 АЕК немесе 47 184 теңге. 

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ашылған «AQYL» депозитіне жыл сайын міндетті жарналар салудың қажеті жоқ.