Ақтау оқушылары теңізшілер мен ашық су айдынына шыққандарды қауіп-қатерден сақтайтын VR-жаттығу құралын ойлап тапты.

24kz хабарлауынша,  инновацияны Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері іске асырған.

Тың дүние су айдынындағы апат жағдайын реттеуге мүмкіндік береді. Бағдарламаға адамдарды шұғыл эвакуациялау, алғашқы медициналық көмек көрсету секілді іс-әрекеттер енгізілген. Инновациялы жаттығу құралы оқыту бағдарламасы, виртуалды көзілдірік пен джойстиктен тұрады. Бұл теңізге шыққан курсанттардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

— Осы құрал арқылы теңізшілер, теңіз жұмысшылары виртуалды көзілдірікті киіп, сол құралды киіп қолдану арқылы жаңағы шындыққа жақын форматта өзінің техникалық қауіпсіздігін үйрене алады. Олар ойлап тапқан жаттығу құралы қазір Ақтаудағы оқыту орталығында іске қосылды. «VR-технологиясы оқу бағдарламасын жаңғыртуға мүмкіндік берді», — дейді мамандар.

Тың жоба бірінші болып бұрынғы теңіз капитаны Нұрхат Ермаганбетов пен тыңдаушылар байқап көріп, жоғары баға берді.  Жоба авторлары бұл құрылғыны енді мұнай-газ және тау-кен өндіру салаларына енгізуді жоспарлап отыр.